Холдинг штат саны мен еншілес компанияларды қысқартуға көшті.
Өрнек ауылының тұрғыны Гаухарбек Шонтаев екінші топтың мүгедегі. Бірақ жарымжандылығына қарамастан шаруа қара еңбектен қашпайды. Осыдан 5 жыл бұрын "ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы несиеге шөп жинайтын техника алыпты. Келісім-шарт бойынша 14 процентті екі жақ бөлісіп төлеуі тиіс еді. Бірақ, "қарыз ауыртпалығын жалғыз көрдім, әрі малымнан дерлік айрылдым", деп отыр.
Гаухарбек Шонтаев, шаруа:
- Мен 14% алсам, соның 7% олар төлейміз деген. Оны 1 ақ жылын төледі, әрі қарай төлеген жоқ. Өзім төлеп келдім. Ал енді қарыздан құтылу үшін кредитке алған малымды сатып, шығынға кеттім.
Иә, мұндай мысалдар көп. Өйткені бүгінде «ҚазАгро»-ның 70 мыңнан астам қарыз алушылары болса, оның 50 мыңнан көбі 4 млн-ға дейін несиеге мұқтаж шағын фермерлер екен. Оның үстіне, қарыз алушылардың 8% 90 күн көлемінде берешектерін өтемепті. Осылайша Ұлттық компанияның ішкі шығыны 904 млрд-қа жеткен. Яғни соңғы 3 жылда жиналған 400 млрд теңге қарыз болса, 504 млрд холдингке қайтпаған ақша.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «ҚазАгроға» қатысты түбегейлі шешімдер қабылдау керек. Бұл – осы типтегі құрылымды басқара алмаған басшылықтың олқылығының көрсеткіші. 2018 жыл бойынша компанияның жиналған шығыны 120 млрд теңгені құрайды.Қаржыландырылған 672 жобаның 270-і немесе 40% тоқтап тұр. Пікір айтып, сұрақ қою бұл мүлде орынсыз. Сондықтан компания жұмысына өзгерістер қажет.
Осылай деген Президент шетелдік тәжірибелі мамандарды тарту туралы ой салған еді. Ербол Қарашөкеев: «Осы себепті тәуелсіз директорлар кеңесі құрамын өзгерттік», – деп отыр. Айтуынша, білікті кадрлар қарашаның соңынан ресми қызметтеріне кіріседі. Әрі жалақылары бұрынғы мамандардан қарағанда әлдеқайда аз екен. Қызмет демекші, холдинг шығынды азайту үшін 1100 маман мен 4 еншілес компанияны қысқартпақшы.
Ербол Қарашөкеев, «ҚазАгро» холдингі АҚ басқарма төрағасы:
- Жыл соңына дейін бізде 7 еншілес компания болды. Соның ішінен «ҚазАгромаркетинг» деген компанияны қысқарттық. Сосын «ҚазАгроөнім» деген компания болды. Оны да қысқартып жатырмыз. Жылдың аяғына дейін біз үш компанияны қысқартамыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен 4 компания қалады. Ендігі жылдың бірінші кварталында біз тағы да бір компанияны қысқартып, жарты жылдыққа ендігі жылдың 7 еншілес компаниядан үшеуін қалдырамыз.
«ҚазАгро» басшысы 3 жылда 400 млрд шығынға батуға себеп «Агробизнес – 2020» бағдарламасы деп отыр. Оның ойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің банктерге берешектерін өтеуге көмектескен. «Ал осы аралықта доллар құны аспандап, холдинг ақшалай ұтылып қалды», – дейді.
Ербол Қарашөкеев, «ҚазАгро» холдингі АҚ басқарма төрағасы:
- Ішкі 700 млрд теңгедей қарыз бар. Оны өзіміз әр квартал сайын төлеп, жұмыс істеп жатырмыз. Негізі ол ақшаны 10% алып отырмыз. Соның бәрін төлеудеміз.
Лаура Қуанышқызы, тілші:
- Холдинг басшылығының мәліметінше, «ҚазАгро» «Агробизнес» бағдарламасын қаржыландыру үшін шетелдік банктерден 1 млрд доллар және 700 млн еуро қаражат алған. Ал компания басшысы: «Бұл қарызды 2021 жылы толық жабамыз», – деп уәде беріп отыр. Бірақ жоспар жүзеге аса ма, жоқ па ол уақыттың еншісінде.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Руслан Бақытбекұлы, Дәурен Жұрхабаев