Оқу процесіндегі олқылықтарға ата-аналар наразы
Бірі сәтті іске асса, орындалмай, орта жолда қалғандары да бар. Мектеп аз, орын тапшы. Оқу жүйесіндегі жаңа жүйелер қаншалықты халықтың көңілінен шығып отыр?
Алматының іргесінде орналасқан Еңбек ауылында мектеп жоқтың қасы. 80-ге жуық оқушы аядай 4 бөлмені оқуға жаратып жүр. Балалар кешкі 18:00-ге дейін екі ауысымда оқуға мәжбүр.
Айгүл Жұматбекова, ауыл тұрғыны:
- Сыныпқа балалар сыймайды. Спорт залы мен асхана жоқ. Бұл балалардың оқуына қиындық туғызып тұр.
Өркениет өркендеген заманда қуыстай бөлмелерде кітапқа үңілген балалар «жаңа мектеп салынса екен» деп аңсайды. Айта-айта жауыр болған мәселе сол күйі әлі шешілмеген. Тар мектепке сыймаған балалар 4 шақырым жердегі Жетіген елді мекеніне қатынап оқып жүр.
Қаламқас Сәрсенбаева, Алматы облысы Іле аудандық білім бөлімінің бас маманы:
- Қазіргі күнде Жетіген ауылдық округіндегі Еңбек ауылынан мектеп құрылысына жер телімі қарастырылды. 450 орындық 3 гектар жер телімі бүгінде рәсімделу үстінде. Осы жер телімінің құжаттары дайын болуына байланысты жобалау құжаттамалары тапсырылатын болады.
Қазақстанда 7 мың мектеп болса, онда 3 млн оқушы оқиды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша 196 мың орын тапшылығы бар. Проблеманы түпкілікті шешу үшін 164 мектеп бой түзеуі керек. Әрине, бұл бірден шешіле қояр дүние емес. Министрлік жекеменшік мектептердің үлесін де көбейтуді ұсынып отыр.
Салада сан мәселе. Электронды күнделік жүйесіне сын күшейді. Электрондық журнал 3 жыл бұрын енгізілді. Алайда «Kundelik»-тің күнделікті жұмыс істемейтіні өкінішті. Себебі интернетке тәуелді. Тараз қаласының мектептерінде бұл жүйе биылдан бастап сыр бере бастаған. «Оған арнайы орнатылған қауіпсіздік сертификаты интернетті тежейді», – дейді мұғалімдер. Әсіресе тоқсан соңында жүктеменің көптігінен мүлде ашылмайды.
Жанна Бекбасарова, информатика пәнінің мұғалімі:
- Биыл қиындық көп туып тұр. Мамандар: «Қауіпсіздік сертификатына байланысты», – дейді. Қазір біз компьютерде арнайы желіні ашып, сол арқылы кіреміз. Ұялы телефонмен жұмыс істеу мүмкін емес.
Ресми мәлімет бойынша 3 жыл ішінде «Kundelik» жүйесі 6 мыңға жуық мектепті қамтыған. Қазір 325 мың мұғалім, 2 млн-нан астам оқушы, 1,6 млн. ата-ана тіркелген. Министрліктің бұйрығында «Интернет болмаса, қағаз журнал толтырылсын» деп жазылыпты.
Шолпан Каринова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Егер мектеп немесе сол тұрғылықты ауыл интернет жүйесімен қамтылмаған болса, ол мектептер күнделіктерін, журналдарын тек қағаз түрінде ғана толтыруы тиіс. Күнделіктің бұл жүйесі қазақстандық мектептерде кең тараған.
Бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау да та ата-ананың көңіл хошын келтірмей отыр. «Бір күннің нәтижесімен баланың бар қабілетін бағалау әділетсіз», – дейді.
Гүлбану Әбенова, журналист-блогер:
- Оқу жылы бойында «керемет», «өте жақсы» деген бағалаулар алып жүрдік. Кейін анықтасам, «нашар», «үштік» деп бағалаған. Мен бұл логиканы түсінбедім.
Шолпан Каринова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Бұрынғы бағалау жүйесіндегі әр оқушының сабақтағы жетістігі бір бірімен салыстыру арқылы қойылатын болса, бүгінгі күні жаңа критериалдық бағалау жүйесінде белгіленген нақты тақырып, нақты бағдарлама бойынша оқушының қаншалықты сол деңгейге жеткендігін белгілейтін айырмашылығы бар.
Бұған Білім және ғылым министрлігі «Кемшін тұсын жетілдіріп, ата-ана мен мұғалімдер қауымына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі» деген байлам айтып отыр.
Авторы: Индира Жылқайдарова