Оливье Лазар «Қожасай» газ зауытымен танысты
«Қожасай» газ өңдеу зауытына арнайы барған Қазақстандағы «Shell» компаниясының жетекшісі осындай баға берді. Оливье Лазар, өндіріс орнының жұмысын жоғары бағалады. Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» АҚ сапардың ұйымдастырылуына тікелей мұрындық болған.
Бұл кәсіпорын өткен жылдың соңында іске қосылды. Шағын болғанымен, ауқымы кең, қуаты зор. Жылына 400 млн текше метр газ өндіре алады. Бұл қарқын алдағы уақытта тағы үдемек. Ал өнімі жоғары сұранысқа ие. Өнеркәсібі өркен жайған бұл аймаққа ат басын бұрған Оливье Лазар бірінші кезекте зауыттың жұмысына жіті тоқталды.
Оливье Лазар, «Shell» компаниясының Қазақстандағы өкілі:
- Ыстық ықылас білдіріп, шақырғандарыңызға алғыс айтамын. Мен үшін бұл зауытқа аяқ басу зор мәртебе. Осы сапарымнан ерекше әсер алдым. Зауыттың жұмыс қарқынымен жақынырақ таныстым. Жұмыс барысы көңілге қонымды.
Зауыттың құрылысы басталмас бұрын өңір экологиясын ластамау ісіне басымдық берілген. Яғни кен орнында ауаға зиянды қалдықтар шығарылмайды. Барлығы кәдеге жаратылады. Осы тұрғыдан алғанда зауыттың жұмыс жүйесі ерекше маңызға ие. Аталғандарды қаперге алған Оливье Лазар келешектегі зауыт құрылыстарына «Қожасай» кен орны үлгі бола алатындығын айтты.
Оливье Лазар, «Shell» компаниясының Қазақстандағы өкілі:
- Қазақстанда газ өндіру ісінің әлеуеті зор екендігін байқадым. Біз мұндағы зауыттың бизнес үлгісін мұқият қарап шықтық. «Shell» компаниясында да екі нысан бар екенін білесіздер. Олар – Қарашығанақ пен Қашаған. Сондықтан біз мұндай жобаларды маңызды деп қарастырамыз.
Оливье Лазардың сөзі ел Премьер-Министрінің пікірімен үндес. Тамыз айында кен орнына жұмыс сапарымен келген Асқар Мамин осындай кәсіпорындарды көптеп салу туралы айтқан болатын. Айта кету керек, «Қожасай» кен орны жеке инвестициялардың есебінен жүзеге асырылған. Мұнда тек қазақстандық мамандар жұмыс істейді және өңір экономикасына да қомақты үлес қосып отыр.
Авторы: Бірлік Берікұлы