Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы аталып өтті
Қала тұрғындарының отандық жаңа 8 фильм көруге мүмкіндіктері бар. Олардың арасында «Әміре» мен «Томирис» картиналары бар. Бұл шараны Ресей мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстан елшілігі ұйымдастырған.
Әйгілі «Иллюзион» кинотеатрында қазақстандық кино апталығы «Шыңырау» фильмінің көрсетілімінен басталды. Бұл – Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген картина. Сондай-ақ жазушының «Аңыздың ақыры» романы бойынша сурет көрмесі өтіп жатыр. Бұл суреттерді А.Н.Косыгин атындағы Ресей университетінің студенттері салған.
Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Ресейдегі елшісі:
- Біз әрқашан еліне ерекше қызмет еткен, әсіресе рухани өрісі биік тұлғаларды қадірлейтін халықпыз. Көзі тірісінде абыз атанып кеткен Әбіш Кекілбаев бүгін ортамызда болмаса да, ол кісінің зиялы сөзі, ой өрісі, таусылмас рухы бүгін Мәскеудің төрінде. Олай болса, баршаңыз да осы кешке қош келдіңіздер!
Мәскеу тұрғындарының назарына түрлі жанрда түсірілген 8 фильм ұсынылған. Олардың арасында «Әміре», «Анаға апарар жол» және «Томирис» картиналары бар. Соңғы фильмнің Мәскеудегі тұсаукесері көрермендердің үлкен қызығушылығын туғызды. Бұл киноға билеттер бір сағаттың ішінде сатылып кеткен.
Мария Безрук, киносыншы:
- Бізге ұлттық колориті бар фильмдер қызық. Сол себептен кино апталығын Әбіш Кекілбаевтың шығармасы бойынша түсірілген «Шыңырау» картинасынан бастап, қазақстандық кинематограф үшін маңызы зор «Томирис» фильмімен аяқтаймыз. Бұл туынды бүкіл Орталық Азия кинематографтары үшін де маңызды деп ойлаймын. Өйткені мұндай мықты картиналар жыл сайын шыға бермейді.
Сала мамандарының айтуынша, Ресейде қазақстандық киноға қызығушылық едәуір артып келеді. Бұған ең алдымен отандық картиналардың халықаралық фестивальдерде жеткен табыстары себеп болып отыр.
Арман Әсенов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті:
- Қазақ киносы қарқынды дамып жатыр. Мемлекет жағынан қолдау көрсетіледі. Соңғы бір жылда 30-дан аса көркем фильм түсіріп, 80 кинофестивальге қатыстық. 56 кинофестивальде жоғары жүлделерге ие болып, елімізге 17 гран-при әкелдік.
Ресейдегі қазақстандық кино апталығы аясында екі елдің мамандары кездесіп, киноөндіріс пен прокат саласында ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқыламақшы.
Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев