Дүниежүзілік сауда ұйымының конференциясы Қазақстанда өтеді
Аталған шара елордадағы Көрме орталығы, Конгресс орталық, «Hilton Garden Inn» қонақүйі және Халықаралық қаржы орталығы секілді нысандарда ұйымдастырылады. Бұл шараны өткізуге бюджеттен 2 млрд 850 млн теңге бөлінбек. Соның ішінде 1 млрд 230 млн теңгесі конференция өтетін ғимараттарды жалдауға, техникалық жабдықтау мен әзірлеуге жұмсалады. Сенаторлар осы қаржының тиімді бөлінуін талап етіп отыр.
Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Соның ішінде 723 млн-ы ғимараттарды техникалық жабдықтауға қарастырылып отыр. Ал 289 млн-ы ғимараттарды, конференция өтетін нысандарды даярлауға бөлінбек. Менің ойымша, бұл нысандар техникалық жағынан жабдықталған. Сондықтан бұл қаржының нақты қайда және қалай жұмсалатынына министрліктен әлі жауап ала алмай отырмыз.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Біз қазір Дүниежүзілік сауда ұйымымен бұл конференцияны өткізу бойынша белсенді келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қонақүйлерді осы ұйымның хатшылығы өздері таңдады. Ғимараттардың барлығын Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сай техникалық жағынан жабдықтау қажет. Себебі 164 ел қатысады. Шамамен 6-10 тілде тәржімамен қамту қажет. Сондықтан техникалық сұрақтар өте көп. Бұл шығындардың дені техникалық қамтуға, ғимараттарды жалға алуға, өзге де қызметтерді көрсететін аутсорсинг компанияларға бөлінеді.