«Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды
Елбасы кітапханасы мен Елбасы қоры журналистер арасында байқау жариялаған. Конкурс қорытындыланды. Бес аталым бойынша жеңімпаздарға 1 млн теңгеден табысталды. Үздіктер арасында «Хабар» арнасының журналисі де бар.
Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы. Бұл – ең алдымен шығармашылық байқау. Осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биыл байқау елдік масштабтан асып түсіп, халықаралық деңгейге жетті. «Шетелдік БАҚ-тағы үздік жарияланым» атты жаңа номинация қосылды. Оған Әзербайжан, Германия, Ресей, Түркия және Жапония секілді мемлекеттердің журналистері қатысты. Бұл аталым бойынша I орын, яғни 1 млн теңге әзербайжандық журналист Рустам Гасымовқа бұйырды.
Рустам Гасымов, «Yenicag.az – Новая эпоха» газетінің редакторы:
- Осы жылы маусым айында Нұр-Сұлтан қаласына алғаш рет келдім. Шаһардың көркі мен қазақтың қонақжайлығы мені таңғалдырды. Бірақ байқауға ұсынған мақалама оның бәрін сыйғыза алмадым. Мақаламда әлемдегі ең әдемі астаналардың бірін салған, сол қалаға есімі берілген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, оның ядролық қаруға қарсы қозғалысы, түркі әлемін біріктіруге деген ерік-жігері, Қазақстан-Әзербайжан қатынасының нығаюына қосқан үлесі туралы жаздым.
«Үздік телевизиялық материал» номинациясына талас көп болған секілді. Аталған аталым бойынша бірден алты адам марапатталды. Бірақ үздігі біздің әріптес.
Дархан Әбдуахит – «Хабар» телеарнасында 15 жыл қызмет етсе, соның 12 жылында Елбасының пулында жүрген тілші. Ол тәуелсіздіктің тәтті ұғым ғана еместігін білді, ол Елбасының ерен еңбегін естіп қана қойған адам емес.
Дархан Әбдуахит, «Хабар» арнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар бөлімінің бас редакторы:
- Жалпы менің әріптестерім, әсіресе телевизияда жұмыс істейтін әріптестерім осындай жүлде алған кезде көбіне-көп «менің жүлдем емес, ұжымның жүлдесі» деп жатады. Мен онымен келісемін. 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Хабар» телеарнасының мерейі деп есептеймін.
5 аталым лайықты жеңімпаздарын тапты. Олардың арасында атыраулық журналист Хайрат Сатаев, «Шалқар» радиосының тілшісі Нұрмат Мансұр, «История Казахстана» порталының редакторы Арман Сүлейменовтер де бар.
Әмірхан Рахымжанов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:
- Байқау тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктерін және Назарбаев моделін кеңірек таратуға негізделген.
«Тәуелсіздікті алу бар, бірақ оны ұстап тұру қиын», – дейді Елбасы. Әсіресе қазіргі жастар осыны ұғынуы тиіс. «Сондықтан бұл байқау жыл сайынғы дәстүрге айналады. Себебі біз ғана айтатын жетістіктер мен жеңістер жалғаса бермек», – дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков