Н.Назарбаев елорданың алғашқы құрылысына атсалысушылармен кездесті
Нұрсұлтан Назарбаев елорданың алғашқы құрылысына атсалысушылармен кездесіп, қала тарихына арналған көрмені аралады.
Бұл кадрлардың қай-қайсысы да сөйлейді. Тоқырауға толы 90-шы жылдарды ғана еске түсірмейді, бұл нар тәуекел деп, берекелі іске белді бекем буған жас мемлекет жетістіктерінің бастауы жайлы баяндайды. Тау алыстаған сайын биіктей түсетін секілді, елорданы Сарыарқаның сауырына көшіру жөніндегі шешімнің де қадірі күн санап артып келеді.
Бұл құр көшіп-көшіп қону ғана болған жоқ. Идеяның астарында ең әуелі ұлттың мүддесі жатты. Себебі бабадан қалған ұланғайыр жердің астанасын ел шетінен орталыққа ауыстыру қай жағынан да тиімді еді. «Табиғи шектеуі көп, оның үстіне экологиясы мүшкіл Алматы мен астана құрылысының айырмашылығы 2,5 есе болды» деген Елбасының бір сөзі бар. Тағы бір естелігінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен саяси мансабымды ортаға салып, өмірімді бәйгеге тігетінімді жақсы түсіндім», – дейді. Қазір айтуға оңай, алайда сол кезде үмітінен гөрі күдігі басым шешім кейін тұтас елдің мақтанышына айналды. Тұтас ел дамуының өзегі болды.
Оралбай Әбдікәрімов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Халқымыздың санасын өзгертетін күн болды. Патриоттық сезім ояту керек болатын, Тәуелсіздік күні секілді бұл күн де еш кем болған жоқ.
Жәнібек Кәрібжанов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен тарихи-стратегиялық қадам жасады. Арнайы комиссия болды. Бірақ ең үлкен ауыртпашылық Елбасыға түсті.
Бүгінгі кездесуге келген қайраткердің қай-қайсысы да елорданың даму жолын жақсы біледі. Олардың бәрі Елбасымен бірге жүріп, қаланың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты.
Өткен 22 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан қаласына қатысты елеулі даталар қалыптасты. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы 1994 жылдың 6 шілдесіндегі Жоғарғы кеңестің шешімі – тарихи. Тарихи шешімнің негізінде 1998 жылдың 10 желтоқсанында ресми түрде көш басталды. Сол күннің куәгерлері арқаның шыңылтыр аязын бүгінде ерекше жылылықпен еске алады.
Надежда Петухова, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты:
- Қоныс аударып жатқан халықты вокзалдан күтіп алған кезде қолымызға ұстап барған гүл шоғы үсіп кетпесін деп, пәлтемізбен қымтап тұрғаным есімнен кетпейді. Тағы бір оқиға, «Бәйтерек» монументінің ашылуына Владимир Путин келді, Нұрсұлтан Назарбаев: «Мына жерде елшілік ғимараттары, мына маңайда сауда орталығы болады», – деп ен далаға нұсқап, түсіндіріп жатты. Сол кезде оларды қаумалап тұрған бәріміз үшін мұның бәрі бүгін-ертең орындала қоймайтын арман сияқты көрінетін.
Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы:
- 1997 жылы 10 желтоқсан күні таңғы рейспен Алматыдан елордамызға ұшып келдім. Әрине, кеше мен бүгінді салыстырсақ, астанамыз 22 жылда көк пен жердей өзгерді.
Бұл шешімнің саяси әрі экономикалық мазмұны терең болғанын сол кезде Қорғаныс министрі қызметін атқарған Мұхтар Алтынбаев та айтады.
Мұхтар Алтынбаев, Қазақстанның халық қаһарманы:
- Біз көшіп жатқанда жақын туыс, дос-таныстарымыз: «Көшіп жатырсыңдар ма, көреміз осыдан болашақтарыңды», – деп айтқан болатын. Ал бүгінде өздері осында келуге зар болып жүр. Әрине, Елбасының арқасында осындай астанамыз бар. Құтты болсын!
Міне, тағы бір тарихи кадрлар. Арқа әуежайына жиналған қауым Елбасын күтіп алып, ақ тілегін айтып жатыр. Сол күні: «Қазақстанның дәрежесін көтеретін, халқымыздың мерейін үстем ететін тамаша астана болады», – деп сұхбат беріпті Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Қазақстанның қай қаласы, қай түкпірі болмасын, бәрі біздің еліміз, біздің Қазақстанымыз, біздің жеріміз. Оқиға қаншалықты тарихи болғанымен, бір жеке мәні бар деп санауға болмайды. Біз қазақтың тағы бір қаласын өркендетуге, жайнатуға келдік.
Сол кездің қиындығы қазір естелік болып қалды. Ескі күнді еске салатын құнды жәдігерлер бүгін көрмеге қойылды.
Кескін-келбеті ешкімге ұқсамайтын, болмыс-бітімі бөлек шаһарды шартарап біледі. Себебі халықаралық күн тәртібіндегі күрмеулі мәселе осы жерде талқыға түседі. Өткен 22 жылдың ішінде қала халқының саны ғана өскен жоқ. Нұр-Сұлтан – білім мен ғылым дамыған, бизнес пен инновация тамыр жайған мерейлі мекен. Қазақтың кіндік қаласы – қазір белгілі бренд, мәңгілік елдің мегажобасы.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Хасен Омарқұлов және Дулат Ентебеков