Мемлекет басшысы отандық үздік тауар өндірушілерді марапаттады
Жеңімпаздар «Алтын сапа», «Парыз», «Іскер», «Ұлы дала елі», «Қазақстанның үздік тауары» секілді жалпы жеті бағыт бойынша анықталды. Қазір әлемде сапаға қатысты берілетін 70-тей сыйлық түрі бар. Олардың тарихы 1880 жылдардан басталады. Ал ҚР Президентінің «Алтын сапа» белгісі 2006 жылдан, «Парыз» 2008 жылдан бері тапсырылып келеді. Биыл 500-ге жуық кәсіпорын үздік болуға ниет білдірген екен. Кімдердің бағы жанды?
Президенттің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтары екінің біріне бұйыра беретін марапат емес. Өндірген тауары халықтың көңілінен шыққан кәсіпорындар ғана алады. Таңдаулылар қатары тағы 65 мекемемен толықты. Алтын сапаның «Үздік инновациялық жоба» аталымының бас жүлдесін қызылордалық кәсіпорын жеңіп алды. Сыйлықты жеңімпазға Президент өз қолымен табыстады.
Мадихан Бекжанов, кәсіпорын директоры, «Алтын сапа» сыйлығының иегері:
- Біз күкірт қышқыл, 15 мгб-ты электр энергиясын шығарамыз. 5 мгб-ты өзіміз пайдаланамыз, ал алыққа өте арзан бағамен10 мгб-ты сатамыз. Маған да, ұжымға да бұл – үлкен жауапкершілік.
Ал «Парыз» – кәсіпкерлердің ел алдындағы парызын саралайтын сыйлық. Тапқан қаржысын қалтасына баспай, көппен бөліскен атымтай жомарттарға беріледі. Бұл аталымның да бас жүлдесі қызылордалықтардың қоржынында кетті. Кәсіпорын жылына 65 мың тонна күріш өңдеуге қауқарлы. Өнімнің 50% Әзербайжан, Украина, Ауғанстанға экспорттайды. Он жылдан бері Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылын гүлдендіруге үлесін қосып келеді.
Мағжан Ералиев, «Парыз» сыйлығының иегері:
- Стадион, мешіт, мұражай салынды. Балабақша, мектеп күрделі жөндеу жұмысынан өтті. Оған қоса ауыл тұрғындарын оқуға жіберіп жатырмыз. Краснодардағы ауылшаруашылық университетке мекеме атынан грант бөліп жатырмыз. Оңтүстік Корея, Ресей, Германияға өздерінің біліктілігін арттыруға әрқашан грант бөліп, жіберіп тұрамыз.
Биылғы шараның ерекшелігі отандық дизайнерлерге тұңғыш рет «Алтын оймақ» сыйлығы тапсырылды. Жүлдегерлердің арасында 10 жасар кәсіпкер де бар. «Әйгерім» деген брендпен сатылымға шыққан балалар киімінің үлгісі осы шынашақтай қыздың идеясынан туған. Болашақтағы бизнес жоспарының өзі тәжірибелі кәсіпкерлердікінен кем емес.
Әйгерім Мұратқызы, «Алтын оймақ» номинациясының жеңімпазы:
- Анам «Алтын оймақ» номинациясына өтінім беріп, 1 млн ұтып отырмын. Өзімнің брендімді дамытуға 800 мың теңгесін қалдырып қоямын, қалғанына отбасыма сыйлық сатып аламын.
Индустриализацияның елге берген игілігі соңғы 8 жылда экспортқа 85 жаңа өнім түрін шығарыппыз. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлар қазір алыс-жақын шетелдердің нарығын бағындырып үлгерді. Сапа белгісіне ие болған кентаулық кәсіпорын жиһаздарын енді Еуропаға экспорттауға дайын отыр.
Құдірет Құдайбергенов, «Алтын сапа» сыйлығының иегері:
- Өзіміздің Қазақстанда өсетін қарағаш ағашынан өнім істеудеміз. Ол ешқандай ағаштан кем емес. Еуропадан, Польшадан біздің кәсіпорынға эксперттер келді. Олардың айтуынша, біз Еуропаға шығуға дайынбыз.
Биыл Үкімет индустрияландырудың екінші бесжылдығын қорытындылайды. Қол жеткен жетістігіміз сол, ақпараттық-коммуникациялық жабдықтарды, модемдерді, бұрандалы насостар мен жарықтандыру құрылғыларын өзіміз шығаратын болдық. Орталық Азияда алғаш болып аса қуатты трансформаторлар өндірісін игердік. Химиялық өнеркәсіп, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп те ілгерілеп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан түрлі кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға әрдайым мән береміз. Біздің кәсіпкер азаматтарымыз Қазақстанды танытуға және экономикамызды өркендетуге зор үлес қосып келеді. Бұл марапат – сіздердің еңбектеріңізге мемлекет тарапынан берілген жоғары баға. Осындай игі бастама еліміздегі кәсіпорындарды дамытуға ерекше серпін беретіні анық, сондай-ақ отандық өнім өндірушілерді зор жетістіктерге ынталандырады деп сенеміз.
Индустриаландырудың тұтас кезеңінде еліміз бойынша 1300-дей өндіріс орны ашылған. Өңдеу секторындағы өндіріс көлемі соңғы 10 жылда 3 есе өскен. Салаға 34 млрд доллардан астам шетел инвестициясы тартылып, көлемі бүгінде 165 млрд долларға жетіп отыр. Қазір Қазақстанда өндірілген өнімдер 120-дан астам елдің нарығына жөнелтіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Автомобиль жасауды дамытуға жағдай жасалды. Бұл саладағы өндіріс көлемін 8 есе арттыруға мүмкіндік берді. 2010 жылы Қазақстанда 4 мың автомобиль шығарылатын. Осы жылдың 10 айының қорытындысында құрастырылған машиналардың саны 38 мыңнан асып түсті. Бүгінде Қазақстанда сатылған әрбір екінші автомобиль отандық кәсіпорындарда құрастырылған.
Мемлекет басшысы индустрияландырудың үшінші бесжылдығындағы негізгі міндеттерді атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыруда бұған дейінгі бесжылдықта жіберілген кемшіліктер ескерілуі керек. Нақты өңдеу өнеркәсібі құрылуы тиіс және өңделген өнім экспортын ұлғайтып, сапалы жұмыс орындарын құруды шешуіміз қажет. Отандық өнеркәсіпті дамытудың өзекті әрі маңызды бағыттарының бірі «4.0 Индустриясын» дамыту болып саналады. Бүгінгі күні бұл бағытта бүкіл елде өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру бойынша пилоттық жобалар іске қосылды. Жалпы саны 7 модельдік цифрлық фабрика жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет тарапынан кәсіпорындар көрсетілетін қамқорлық осы мақсатқа жетуде үлкен маңызға ие. Тапсырылған атаулы сыйлықтардың өзі «қазақстандық бренд» атағына бастайтын алғашқы қадам болып табылады. Бұл – нарық көшбасшыларының қатарына қосылуға зор мүмкіндік және бизнестің бұқара алдындағы жауапкершілігін арттырудың басты тетігі.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов