Аты-жөнді жазу қашан біріздендіріледі?
Қазір елімізде ататекті жазудың 18 түрі қолдалынады екен. Олардың қатарында кеңес заманынан келе жатқан «-ов», «-ев», «-ин», «-ын» жұрнақтары арқылы беру үлгісі көп кездеседі. Жалпы бұл бағытта мемлекет тарапынан бекітілген ортақ жүйе не тәртіп бар ма? Адам аттарын біріздендіру ісімен кім айналысады?
Ырым ба, еліктеу ме, әлде ерекшелену ме? Тізе берсең, біздің қоғамда текті жазудың үлгісі көп. Шерубай Құрманбайұлы – аты-жөнді біріздендіру мәселесін көтеріп жүрген ғалымдардың бірі.
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Мың құбылтпай, бір-екі нұсқаны орнықтырсақ, біздің қазақ ұлтының өкілі екеніміз аты-жөніміз-ақ айқын көрініп тұрады. Бұл – ұлттың бет-бейнесі, төлқұжаты сияқты нәрсе.
Адам тегінің қоғам арасында атқаратын бірнеше қызметі бар. Біріншісі, сәби дүние келген кездегі тіркеу. Екіншісі, өзге адамдардан айыру, ата-бабасының кім екенін көрсету, белгілі ұлт өкілі екенін білдіру.
Бекжан Әбдуәлиұлы, филология ғылымдарының докторы:
- Ұлы, қызы деп аяқталатын текті бүгінгі заманға лайық келетін тек деп ойлаймын. Өйткені мұның арғы тегі «оғлы» көне түркі жазбаларында кездеседі. Тіпті 80-жылдарға дейінгі құлпытастарға қараған кезде ол жерде тектің жоқтығын байқаймыз. «Пәленбайұлы» деп жазып қояды.
«Аты-жөнімізді қазақиландырамыз» деп тәуелсіздік алғаннан кейін «-ов» пен «-ев»-тен бас тартып, жаңа туған сәбилерге әкесінің атын тегі ретінде жазуды әдетке айналдырдық. Алғашында оны бәріміз жақсы қабылдадық. Бірақ Нұрлан Нұрғали, Қаcым Мирас, Ермек Ерасыл, Жамбыл Нұрислам сынды аты-жөнді естігенде ол адамның аты мен тегін шатасыратын болдық.
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Мәселен, Сезім деген адам болады да, тегі Құмар болуы мүмкін. Екеуін қосып айтсаңыз, Сезім Құмар деп естіледі. Өте ыңғайсыз тіркестер пайда болады.
Кісіге есім беруде де шалалық көп. Әлі де ат қою рәсіміне келгенде оның жағымды естілуінен бұрын кездейсоқ атауларға әуестігіміз басым. Оның астарында елден ерекшелену ұғымы жатқаны сезіледі. Десе де, балаға атты ойланбай қоя салатын азаматтар да кездеседі.
Бекжан Әбдуәлиұлы, филология ғылымдарының докторы:
- Бір кездері шу болды. Бекертуған деген есім қойылды. Бұл қандай ауыр таңба?! Қарғыс таңбасы сияқты есім. Мұны есім деп те айтуға келмейді. Осы сияқты әртүрлі Камилламина, Нұржауғанмахаббат деген сияқты есімдер бар.
Аты-жөнінімізді жазудағы ала-құлалықтан қашан арыламыз? Оны құжат жүзінде реттеу үшін мамандар мынадай кеңес береді.
Айғаным Сауранбаева, қалалық Әділет департаментінің бас маманы:
- Кез келген азамат 16 жастан бастап тегін, әкесінің атын ауыстыра алады. Ол үшін туу туралы куәлігі қажет. Некеде тұрған жағдайда неке куәлігі, кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда олардың туу туралы куәліктері және 2 фотосуреті қажет болады. Содан соң мемлекеттік баж салығын төлейді. Ал жаңа төлқұжат 7 жұмыс күні ішінде дайын болады.
Жалпы текті қазақиландыру – мәні терең, түрлі себеппен астасып жатқан күрделі мәселе. Сонау 1917 жылы қазақ білімпаздарының І съезінде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханұлының өзі бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген. Арада ғасыр өтсе де, мәселе өзектілігін жойған жоқ.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбекұлы