Қызылордалық полицейлер заңсыз пиротехникаға қатысты 15 күн рейд жүргізбек
Қала базарларында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында контрафактілі отшашу өнімдері көбейетіні белгілі. Қауіп-қатердің алдын алу үшін арнайы топ өкілдері 15 күн бойы рейд жүргізбек.
Рейдттің алғашқы күнінде полицейлер саудагерлерге ескерту жасаумен шектелді. Бірлі жарым болмаса, әзірге заңсыз пиротехника базар сөрелеріне қойылмаған. Дегенмен мамандар бірер күнде отты ойыншықтарының күрт көбеюі мүмкін екенін айтады. Жаңа жыл мерекесі таяған кезде отшашуға сұраныс та артатыны белгілі.
Сәбит Сатқанбай, Полиция департаменті ӘПБ аға инспекторы:
- Сонымен қатар осы іс-шара барысында облысқа кіретін-шағытан жолдардағы бекеттерге және теміржол қозғалысы арқылы заңсыз айналымнан келіп жатқан пиротехникалық бұйымдарды анықтау мақсатында арнайы нұсқаулар жолданды.
Жаңа жылды отшашумен қарсы алу немесе заңсыз өнім сатып, оңай олжаға кенелудің соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. «Осы ретте мамандар пиротехниканы белгіленбеген орында пайдаланғандар мен заңсыз сатқандар ірі мөлшерде айыппұл арқалайды», – дейді.
Бақтияр Тұрманов, ТЖД басқарма басшысы:
- Пиротехника бұйымдарын алғаннан кейін оның нұсқамасын, қағазын алып, дұрыстап толықтай танысу керек. Ғимараттың ішінде оны қолдануға болмайды. Негізі сыртта, тұрғын үйден 50 метр қашықтықта, жарылыс қауіпі бар обьектілерден 50 метр қашықтықты сақтай отырып қолдану керек.
Мамандар 18 желтоқсанда басталған «Пиротехника» рейдттік шарасы 3 қаңтарға дейін жалғасатынын айтады. Оның аясында 130-дан астам нысан тексерілетін болады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев