Асыл тұқымды малдың үлесі артып келеді
Өткен жылы БҚО-дан 3 мың тонна ет экспортталса, биыл бұл көрсеткіш 5 мың тоннадан асқан. Төрт түліктің тек саны ғана емес, өнім сапасы да артып келеді. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың саны соңғы 5 жылда 2,6 есеге көбейіп, 313-ке жетіп отыр.
Маңдай тердің өтеуін молымен қайтарып, еңбек өнімділігін арттыруда мал тұқымын асылдандырудың маңызы зор. Мұны ауылдағы ағайын жете түсінеді. Сондықтан да әлі жеткендері қорадағы төрт түлікті асыл тұқымға айналдырса, оған қаржысы жетпегендері кең көлемді селекция бағдарламасына қатысып, асыл тұқымды бұқаларды табынға қосуда. Бұл көрсеткіш жөнінен Орал өңірі елімізде бірінші орында екен.
Жасұлан Халиуллин, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Асыл тұқымды малдың үлесі бүгінгі таңда сиырда 8,7%, қой 3,2%, жылқы 5,6%, түйе 12,9% құрайды. Селекциялық жұмыстар жүргізу өте маңызды болып тұр. Бұл бағытта да тұқымдық түрлендіру және селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін БҚО-да 150 мыңға жуық ірі қара малының аналығы асыл тұқымды бұқалармен қамтылды. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Асыл тұқымды мал ұстаушы шаруашылықтардың саны соңғы 5 жылда 2,6 есеге артқан. Соның 82% зеңгі баба төлін өсіреді. Шаруалар қазақтың ақбасымен қатар герефорд және абердин-ангус сиырларына көңіл бөліп отыр. Ал сүтті бағытта голштин мен симментал тұқымы басымдыққа ие.
Асыл тұқыммен шұғылданатын шаруаларды толғандыратын жайттар да баршылық. Соның бірі – төлді сату. Аналық малға субсидия тек несие алғандарға ғана берілсе, аталық малды сату үшін биылдан бастап «бордақылау алаңы міндетті түрде болуы керек» деген тәртіп енгізіліпті. Бұл өзгеріске шаруалар: «Әзір болмадық», – дейді.
Тілеген Мусин, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Несие алған адам бізден мал алу үшін оның мал бордақылау алаңы болуы керек. Ол болмаса, басқа өңірден алуға тура келеді. Осы арада үлкен қиындықтар туып тұр. Енді ұрғашы малдарды алғанға несие алса ғана беріледі. Өз ақшасына сатып алғандарға субсидия жоқ.
Өңірдегі асыл тұқымды ірі қараның 70% – қазақтың ақбас сиыры. Ыстық-суыққа көнбіс, аса бір азық талғамайтын малдың отаны – Орал өңірі. «Осы ірі қараның тұқымдық қасиеттері кемімеу үшін қан жаңғыртып, герефордпен шағылыстыруымыз керек», – дейді мамандар. Алайда оған тыйым салынған көрінеді.
Мақсот Балқыбаев, Қазақтың ақбас сиыры республикалық палатасының өңірдегі өкілі:
- «Асыл тұқымды мал туралы» заңының 1-бабында «асыл тұқымды малдың қаны 15,6% кем емес мал болу керек» деп жазылған. Егер біз рұқсатсыз герефорд тұқымын құйсақ, одан алынған төлді қазақтың ақбас тұқымы ретіне тіркемейді. Заң рұқсат етпей тұр.
Осындай бірқатар түйінді мәселеге қарамастан, Орал өңірінде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда ет экспортының екі есеге жуық артуы сөзіміздің айғағы болып тұр. Соңғы 4 жылда асыл тұқымды шаруашылықтар мен тұқымдық түрлендіру жұмыстарына қатысқан қожалықтарға мемлекеттен 10 млрд теңге субсидия төленген.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов