Көпбалалы аналарға 463 млн теңгенің гранты бөлінді
Жыл соңына дейін 598 көпбалалы отбасы баспаналы болады. Келер жылы тағы 500 үй берілмек. Ал жеке кәсіп ашқан аналар үшін биыл облыстық бюджеттен 463 млн теңгенің гранты бөлінген. Бұл қаражатқа 521 жоба жүзеге асырылды. Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдегі көпбалалы аналармен кездесіп, оларды қолдау үшін жасалып жатқан шаралармен таныстырды. Жаңа жылдарымен құттықтап, сый-сыяпат көрсетті.
«Кәсіпті нәсіп етемін» деген көпбалалы отбасын мемлекет жан-жақты қолдауға дайын. Тек бизнес жобаңды жаса да ұсын. Қазір облыстағы барлық ауданда жоба-жоспар бар. Сол бойынша іс бастап, нақты нәтижесін көре бастаған отбасылар аз емес.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Біз көпбалалы аналарды қолдау үшін осы бизнес бағытын жалғастыруымыз керек. Бұл – ең негізгі мәселе. Сол арқылы талай ана жағдайын жақсартып, отбасылық береке табады.
Шағын бизнестен отбасылық береке тапқандардың бірі – Айгүл Шекенова. Өткен жылы Өскеменде балаларға арналған дамыту орталығын ашқан. Қазір 50-ден астам бүлдіршінге білім мен тәрбие береді.
Айгүл Шекенова, кәсіпкер:
- Қазір балаға қарап отыру өте қиын. Егер бір-екеу ғана болса, ештеңе емес. Құдай берген 4 балам бар. Оларды өсіріп, жеткізу үшін қосымша табыс болғаны дұрыс. Көпбалалы аналарға мемлекет қоладу көрсетіп отыр. Сондықтан мүмкіндікті пайдалану керек.
Ал Көкпекті ауылында тұратын көпбалалы ана Жұлдыз Кәрібаева былтыр 505 мың теңге грант алып, шағын дәмхана ашқан. Қазір сол кәсібінен нәсіп көріп отыр.
Жұлдыз Кәрібаева, көпбалалы ана:
- Тек қана АӘК-ті күтіп отырған дұрыс емес. Егер мүмкіндік болса, осындай бір іс бастаған дұрыс. Ауылда қиын болар. Дегенмен талпынсаң біртіндеп болады. Тек тәуекел керек.
Аймақтағы атқарушы билік көпбалалы отбасыларды тек бизнесте ғана емес, жан-жақты қолдау көрстепек. Биыл ЖОО мен колледждерге 1747 грант бөліп, шәкіртақы да тағайындады. Үштен көп баласы бар отбасылардың бүлдіршіндері балабақшаға да тегін барады. Мектеп формасына облыс қазынасынан 200 млн теңге бөлінді. Ең негізгісі, көпбалалы отбасылар алдағы үш жылда баспанамен толық қамтылады. Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешілмек.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин