«Даму» қоры кәсіпкерлерге алаяқтардан сақ болуды ескертеді
«Ал шындығында бұл әрекет – кәсіпкерлерді тақырға отырғызғысы келетін алаяқтардың ісі», – дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдері.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бірнеше бағдарламасы бар. Қор кәсіпкерлерге мемлекеттен субсидия және грант жеңіп алуға көмектеседі. Ал енді соңғы уақытта белгісіз біреулер «Даму» қоры атынан кәсіпкерлерге қоңырау шалып, қолда бар ақшаға биржадан акция немесе облигациялар сатып алу туралы ұсыныс жасағаны белгілі болды.
Нұрлан Досыбаев, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры қауіпсіздік қызметінің басшысы:
- «Даму» қоры мұндай келісімшарттармен айналыспайды. Сондықтан отандық кәсіпкерлерге алаяқтардың арбауына түсіп қалмауын ескертеміз. Біздің ақпаратымыз бойынша алаяқтар мемлекеттік субсидия мен кепілдік бағдарламасы бойынша қаржылай көмек алған кәсіпкерлерге хабарласқан.
Күдікті азаматтар тек Алматы қаласында ғана емес, Қостанай, Павлодар, Қызылорда және Түркістан облысы кәсіпкерлеріне де телефон шалған.
Нұрлан Досыбаев, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры қауіпсіздік қызметінің басшысы:
- Әрине, алаяқтардың мақсаты – кәсіпкерлерді алдап, өздеріне қажетті соманы өндіріп алған соң, іздерін суыту. Сондықтан кәсіпкерлер шағым түсірсе, бұл іспен құқық қорғау органдары айналысады деп ойлаймын.
Осындай келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін «Даму» қорының өкілдері алдағы уақытта қор қызметкерлерінің атынан күмәнді қоңырау түскен жағдайда 1408 Call-орталығына тегін қоңырау шалуға болатынын ескертеді.
Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев