Ұшақ апатынан аман қалған алматылық кәсіпкер оқиғаны баяндап берді
Ол Нұр-Сұлтан қаласына бір күндік жұмыс сапарымен жолға шыққан екен. «Ұшақ орнынан қозғалған соң 1 минуттан кейін-ақ дірілдеп шайқала бастады», – дейді Аслан. Соған қарамастан, ұшақ жылдамдығын күшейте берген. Оның көз алдында 14 қатар опырылып түскен, көрер күні бар жолаушы 15 қатарда отырған. Ары қарай қалай болғанын Асланның өз аузынан естісек.
Аслан Назарәлиев, ұшақтың ішінде болған жолаушы:
- Бір уақытта ұшақ қатты дірілдей бастады. Сол кезде, шыны керек, менің телефонымды қалтама салып, белімді қатты тартып, құлауға дайындалдым. «Бала-шағам не істейді?» деген ой келді. Өйткені қатты уайымдадым. Екі қызым, келіншегім бар. Бірақ өзімді жинақы ұстадым, құлайтынын сездім. Сосын ұшақ көтеріліп барып төмен қарай иіліп, жерге қарай құлады. Соңғы көргенім осы. Алдымдағы 14-қатарда отырған кісі сол жағымда отырған кісінің бәрін басып қалды. Мен 15-қатарда отырдым. Соққы қатты болды. Құлағымдағы құлаққап, көзімдегі көзілдірік – бәрі ұшып кетті.Қай жаққа ұшып кеткенін білмеймін.