Елімізде 5 жылда 30-дан аса әуе апаты болған
Бұл – БҰҰ-ның мәліметі. Ал елімізде 5 жылда 30-дан аса әуе апаты болған. 80-нен астам адам көз жұмған. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері қандай?
Бұл биылғы бірінші апат емес. Наурыз айының соңында Қызылорда облысында Ми-8 әскери тікұшағы апатқа ұшырады. Ол кезде 13 адам қаза болды. Олардың 12-сі Ақтау гарнизоны авиациялық бөлімшесінің әскерилері еді. Елді алаңдатқан жағдайға байланысты еліміздің қаһармандары пікір де білдірді.
Тоқтар Әубәкіров, Қазақстанның халық қаһарманы:
- Соңғы жылдардағы әуе апаттарынан қаншама асыл азаматымыздан айырылдық. Өкінішті жайт, ұзынсонар тізім жүрегімді ауыртады. Әуе апатының көбеюінің басты себебі – ескірген ұшақ. Авиацияға қатысы жоқ менеджерлердің осы саланы басқаруы жарға жығады.
Талғат Мұсабаев, Қазақстанның халық қаһарманы:
- Ұшу қауіпсіздігін бақылап, қадағалайтын және авиациялық оқиғаларды зерттеумен айналысатын жеке мемлекеттік орган құрған жөн. Ол орган азаматтық және басқа да авиация түрлерінде ұшу қауіпсіздігіне қатер келтіретін кез келген талап-әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ оған айыпты тұлғаларды жауапкершілікке тарту құқығы, құзыры мен мүмкіндігіне ие болуы тиіс.
Жалпы көптеген әуе көлігі апаты Алматы маңында болады екен. Бұл аймақта осыдан 39 жыл бұрын Қазақстандағы ең ірі әуе көлігінің апаты тіркелді. Ту-154Б-2 ұшағы Алматыдан Ростовқа қарай бағыт алады. Көкте 1,5 минут қалықтап, құлайды. Тас-талқаны шыққан лайнердің барлық жолаушысы қаза табады. Нақтырақ айтсақ, борттағы 156 жолаушы мен 10 экипаж мүшесі көз жұмады. Бұл Қазақстан аумағындағы ең ірі әуе апаты.
Енді 2013 жылдың 29 қаңтарындағы қайғылы оқиғаға тоқталсақ. Дәл осы Алматы қаласының әуежайына шамамен 5 шақырым қалғанда «Көкшетау – Алматы» бағытында ұшқан SCAT әуекомпаниясының Challenger-200 ұшағы апатқа ұшырады. Мұқым халықтың қабырғасын қайыстырып, ол кезде 21 адам опат болып еді. Жалпы 2013 жылы 5 апат тіркеліп, 24 адам қайтыс болды. Ал 2014 жылы 4 оқиға болып, 3 адам көз жұмды. 2015 жылы 5 апаттан 7 адам қайтыс болған. Қайғылы оқиға 2016 жылы да тіркелді. Ол кезде 4 ұшақ апат болды. 7 адам жан тәсілім етті. 2017 жылы 6 осындай оқиғадан 11 адам қаза тапты. Енді міне бүгінгі қайғылы жағдай.
Мұхтар Алтынбаев, армия генералы:
- Енді бұл көп жағдай ауа райына байланысты болатын жағдайлар ғой. Күзде, көктемде, қыста болатын жағдайлар. Көп жағдайда мына экипаждың дұрыс жұмыс істемегені, ауа райының дұрыс болмағаны, ұшу, ұйымдастыру жағынан қателіктер болады. Бірақ мына жылдың аяғында жиі-жиі болып тұратын, бұрын да жиі болатын жағдайлар. Соны мен түсінбей отырмын. Неге екенін? Осы Жаңа жылдың қарсаңында болып қалады. Бұрынғы әскери ұшақтарда да болатын. Өткен ғасырда да болатын жағдай. Жаман дәстүр.
БҰҰ есебі бойынша, ұшақ апатының 50% пилот жіберген қателіктерден болады. 7% экипаждың өзге мүшелерінің себептерінен туындайды екен. Ал 22% жағдайда техникалық ақаулар, 12% жағдайда ауа райының қолайсыздығынан болады екен.