Елорда әуежайында «Bek Air» ұшақтары кейінге шегеріліп жатыр
Бұл жағдайға Вek Аir-дің пайдалану сертификаты тоқтатылуы себеп. Атап айтсақ, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Атырау және Тараз әуе бағыттарымен ұшу кестелері өзгертілді. Кейінгі бағыттардағы жағдай да осындай. Ал осы компаниядан сатып алған билеттерін жұрт жаппай кейін қайтарып жатыр. Көбі онлайн кассалар арқылы алған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Bek Air билеттерді 31 желтоқсанға дейін қайтаруы тиіс. Алайда билет құны толықтай берілетіні немесе айыппұл есептелетіні әзірге белгісіз.
- Билетті кассадан алғанбыз. «Ақшаны қайтарамыз, бірақ күтіңдер» деп жатыр. Қашан қайтаратыны белгісіз.
Нұржан Малаев, Қазақстан авиациялық әкімшілігі жолаушылар тасымалдау департаментінің директоры:
- Бұл әдеттегідей жай ғана ұшақтың кейінге шегерілуі емес. Бұл – еліміз үшін зор қайғы, трагедия. Қазір Bek Air әуе компаниясы өзінен билет алған барлық тұтынушысын, яғни жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу бойынша жұмыс жасап жатыр. Яғни осы жөнінде Air Astana, Scat секілді өзге әуе компанияларға өтініш хат жазды. Бірақ мерекедегі қарбаласқа байланысты олардың ұшақтары толық. Сол себепті бұл жағдай ұзаққа созылуы мүмкін.