Bek Air: Ұшақ үйге соғылмағанда, ешкім қайтыс болмас еді
Кездесудегі алғашқы сұрақ Bek Air-дің үнсіздігі жайында болды. Компания басшылары жерлеу рәсімімен айналысып, жарақат алғандар мен апат жайында ақпарат жиғандарын айтты. Олардың пікірінше, Fokker 100-ден бір минут бұрын көкке көтерілген Air Astana әуе компаниясына тиесілі AirBus А321 Neo ұшағынан қалған ілеспе жел апатқа әкелуі ықтимал.
Ерік Сапаров, Bek Air әуе компаниясының шеф ұшқышы:
- Кез келген ұшақ ұшқанда артында ілеспе жел қалады. Салмағы неғұрлым ауыр, қанаты неғұрлым үлкен болса, желдің күші де көп болады. Мінеки, AirBus 01:19-да ұшса, 01:20-да біздің ұшақ көтерілген.
Fokker-дің артқы бөлігімен екі рет жер сызуы да, бірде оңға, енді бірде солға ирелеңдеуі де осы ілеспе желдің кесірінен болуы мүмкін. Бірақ екі ұшақтың араға бір минут салып ұшуы қазіргі қолданыстағы талаптарға қайшы келмейді. «AirBus А321 Neo жаңа ұшақ болғандықтан, оның турбуленттік қасиеттері туралы статистика жоқ», – дейді Bek Air өкілдері.
Александр Колесников, Bek Air әуе компаниясының ұшқыш нұсқаушысы:
- Өкінішке қарай, осындай кездейсоқ жайт апатқа әкеп отыр. Менің ойымша, бұған дейін екі ұшақ осылайша бірінен соң бірі ұшпаған болуы керек. Немесе араға біраз уақыт салып ұшқан шығар. Екіншіден, елорданың немесе Ақтау, Атырау, Ақтөбе секілді қалалардың әуежайларында ылғи жел соғып тұрады. Табиғи жел ұшақ артынан қалған ілеспе желді тарқатып тастайды. Осы жағдайдан кейін стандарттарды қарастыру керек деп есептеймін.
27 желтоқсан күні болған апаттан 12 жолаушы қайтыс болып, бірқатары ауыр жарақат алған еді. Бірақ компания басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов: «Ұшақ үйге соғылмағанда, ешкім зардап шекпес еді», – деп отыр.
Нұрлан Жұмасұлтанов, Bek Air әуе компаниясының басшысы
- Егер үйге соғылмағанда, ұшақ қирап қалмайтын еді. Мен әуежай қызметінің бейнебақылауынан ұшақтың үйге соғылмай тұрып сау болғанын өз көзіммен көрдім. Осы үй болмағанда барлығы тірі әрі сау қалар еді. 2016 жылы біздің ұшақтың алдыңғы шассисіз қонғанын көрдіңіздер ғой.
Бұл айтылған жайттар – әзірге әуе компаниясының ғана болжамы. Ал Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауының нақты себебі арнайы зерттеулерден кейін ғана белгілі болады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев