18 жасқа дейінгі балаларға дәрі-дәрмектің 192 түрі тегін беріледі
Тізім мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу кезінде белгіленген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі өткізген брифингте айтылды. Ал медициналық сақтандыру жүйесі аясында пациенттер 62 ауру түрі бойынша ақысыз емделетін болады. Сонымен қатар ас қорыту, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары, паразит жұқтыру және өзге де аурулар дендеген кезде тегін дәрі тарату жоспарлануда. Сөйтіп препараттар тізімі 225 атауға көбейтілмек. Аталған дәрімен қамтуға 194 млрд тг қарастырылған.
Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- Бізде мұның алдында бронхит, өкпе пневмониясымен ауырған кезде тек 5 жасқа толмаған балалар тегін қамтамасыз етілді. Қазір бізде МӘМС реформасы аясында 18 жасқа толмаған балалар толығымен тегін қамтамасыз етілетін болады. Біздің жоспарымыз бойынша 3,5 млн бала бұл дәрі-дәрмекті тегін алатын болды.