Қазақстан картасынан 13 қала алынып тасталатын болды
Олардың қатарында Ақтөбе облысы аумағындағы Жем және Темір қалалары да бар.
Айша Балмағамбетова 50 жылдан астам Темір қаласында тұрғанымен, өзін шын мәнінде қала тұрғыны деп санамайды. Себебі бұл елді мекенге ауылдағы күйбең тірліктің барлық нышаны тән. Көгілдір отын мен ауызсу әрбір үйге жеткенімен, тұрғындар ауласында төрт түлік ұстайды. Ал шаһарларда кездесетін заманауи спорттық алаңдар мен демалыс орындары атымен жоқ.
Айша Балмағамбетова, Темір қаласының тұрғыны:
- Ескі қала болса да, қазіргі таңда мұның қалаға лайықты ешқандай сиқы жоқ деп есептеймін. Сондықтан қаланың санын көбейткеннен ештеңе өнбейді. Одан да біз ауыл болып, қаланың қаймағы болайық.
Облыс орталығымен түйедей құрдас Темір қаласына тоқырау 90-шы жылдардың басында келген. Қаладағы көптеген ірі өндіріс орны тоқтап, тұрғындар үдере көшті. Табыс көзі ауыл шаруашылығынан бөлек тек бюджетке тиесілі әлеуметтік нысандарда ғана.
Луция Фахрутдинова, Темір қаласының тұрғыны:
- Қала мәртебесі бар, сондықтан тиісті деңгейдегі аурухана болғаны дұрыс еді. Шағын ғана медициналық амбулатория қажетті ем-дом жасай алмайды. Кез келген себеппен аудан орталығына немесе Ақтөбеге баруға мәжбүрміз.
Қала мәртебесі Темірдегі білім беру мекемелеріне де кедергі көрінеді. 500-ге жуық оқушысы бар орта мектепте мұғалім жетіспейді. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жас мамандарға әлеуметтік қолдау ауыл-аймақта қомақты. Жалақыға қосымша ретінде берілетін 25% үстемақыдан да темірлік ұстаздар қағылып отыр.
Сандуғаш тасбауова, С.Бәйішев атындағы Темір орта мектебінің директоры:
- Кадрлар жетіспеушілігі әсіресе техникалық пәндер жағынан болып отыр. Осы орайда «ауыл» статусы беріліп жатса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының темірліктерге де пайдасы болар еді.
Түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауылға көрсетілетін қолдауды жергілікті әкімдік те күтуде. Төртінші деңгейлі болып есептелетін елді мекеннің жылдық қоры – 63 млн теңге. Бұл қаражат бюджеттік мекемелерде еңбек ететін жандардың жалақысынан аспайды.
Асқар Қоқанов, Темір қаласының әкімі:
- Өңірлік даму бағдарламасы ауылдық жерлерді өркендетті. Абаттандыру, көркейту сынды бағдарламаларға біздің аймақ енбейді. Осындай мәселелер болып тұр. Ал қаламыз ауылдық округ болса, осының барлығы шешімін табады деп ойлаймын.
Қала мәртебесі Темірге 1926 жылы берілген. 1972 жылға дейін аудан орталығы болған. Сол кезеңде ғана елді мекен халқының саны 5 мыңға жуықтапты. Одан кейін ел көшіп, қазір тұрғындар қарасы 2,5 мыңға әзер жуықтайды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков