Ақтөбе облысындағы Кеңқиял ауылын жұмыссыздық пен ауызсу мәселесі алаңдатып отыр
Халық жергілікті кәсіпкер Макар Өтегеновке «ауыл тізгінін қолыңа ал» деп өздері ұсыныс жасаған. Аудандық Мәслихат депутаттары да халық сенген үміткерді қолдады.
Ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған мұнайлы өлкенің бірі болғанымен, Кеңқияқ ауылы 90-жылдардың тоқырауында қалған сыңайлы. Көппәтерлі баспаналардың шатыры қирап, қабырғалары да біраздан бері жөндеу көрмеген. Коммуналдық шаруашылығы да ақсап тұр. Сондықтан жаңадан сайланған әкімге халық бірінші кезекте осы мәселелерге көңіл бөлуді өтініпті.
Ардақ Құбашева, Кеңқияқ ауылының тұрғыны:
- Алдымен экология, жұмыссыздық мәселелерін шешу керек. Әсіресе жастар арасында жұмыссыздық проблемасы басты орынға шығып отыр. Сонымен бірге ауылдағы су мәселесі, канализация, тазалық мәселесі де шешімін табуы тиіс.
Макар Өтегенов, Кеңқияқ селолық округінің әкімі:
- Қазір бос жұмыс орындары бар мекемелермен келіссөздер жүргізу керек. Бірінші кезекте жұмыссыздық мәселесін шешу міндеті тұр. Бірнеше үй басқармасын құрып, коммуналдық жүйені де ретке келтіру жоспарда бар. Ал экология және тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесін шешу оңай болмайтын сыңайлы.
Көпшілік үміт артқан әкімнің жауапкершілігі де зор. Себебі әр қадамын қадағалап, бюджеттің қаражатын шашау шықпай жұмсалуын бақылаушы топ бар. 4-деңгейлі бюджет саналатын елді мекенге келетін қаржыны қоғамдық кеңеспен ақылдасып қана жұмсауға рұқсат бар. Өздерінің әкімін сайлай қоймағанымен, мұндай үлгімен есеп жүргізетін өңірде 142 ауыл бар.
Гүлқасима Сүйентаева, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі:
- Өткен жылы 4-деңгейлі бюджетке енген ауылдарда 157 жиын болып, 12 мыңнан астам азамат қатысты. Бұл қаржылай қамтамасыз ету жүйесінің ашық екендігін көрсетеді әрі тұрғындардың белсенділігін дәлелдейді. Осы орайда ауыл әкімдері ақшаны халықпен кеңескеннен кейін ғана жұмсауға мүдделі.
Ауыл әкімінің білегін сыбанып қызметке белсене кіріскенін көпшілік күтіп отыр. «Сондықтан халықтың алдындағы кестелік есеп беру кезінде нақты жоспарларымен бөлісу қажет», – дейді. Ал қаңтар айында өтетін кездесуде атқарылған іске баға беру ерте.
Темірлан Оспанов, Кеңқияқ ауылының тұрғыны:
- Халықтың қолдауымен әкім болды. Жұмыс барысын көріп отырмыз. Біраз жұмысты қолға алып жатқан сыңайлы. Қорытынды жасау ерте шығар. Енді көктемге қарай халық алдында есебін берер.
Қазір Кеңқияқ ауылында 5 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Бұл – салық пен мемлекеттік мүлікті жалға беру сияқты кірістер арқылы 4-деңгейлі бюджетті қалыптастыру үшін үлкен мүмкіндік. Себебі өткен жылдың есебі бойынша жаңа жүйемен жұмыс жасаған 45 ауылдың өзі 1 млрд теңге қаржы жинаған. Сәйкесінше қосымша қаражат елді мекендердің өркендеуіне жұмсалуы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков