7 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдарда қатынас жоқ
Тұрғындардың арызына жергілікті билік тұшымды жауап бермей отыр. Бұрын «ауылдарға интернет бармайды» десек жарасатын еді, қазір жол бола тұрып «автобус бармайды» деп айтуға аузың бармайды екен. Жалпы Кеңөзек селолық округіне қарасты елді мекендерде бұдан да өзге өзекті проблемалар жеткілікті.
Тасқала ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Зұмрат Ілиясова әр таңды аялдамада қарсы алады. Балаларының алды мектепке, кейінгілері балабақшаға уақытылы барулары үшін автобус күтіп сарылатынын айтады.
Зұмрат Ілиясова, Тасқала ауылының тұрғыны:
- Бір-екі автобус болғанның өзінде бізді баламен алмай кетеді. Көп күтеміз. Бір сағаттай күтіп қаламыз. Балалар тоңады, сабақтан қалады. Амалдың жоғынан таксиге отырамыз.
Кеңөзек селолық округіне қаладан №51 жалғыз автобус қатынайды. Оның өзі уақытылы жүрмейді. Ал жабық аялдама мүлде жоқ. Ауыл тұрғындарын мазалайтын мәселелер мұнымен шектелмейді.
Тұрғындар сөзінің ақиқаттығына біз де көз жеткіздік. Бүкіл ауылды аралағанда жалғыз аялдама көзімізге шалынды. Оның да жағдайы мәз емес. Бұл проблемалардан селолық әкімдіктегілер хабардар. «Қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр», – дейді билік басындағылар.
Ернар Өтешқалиев, Кеңөзек селолық округінің әкімі:
- Осы округке қарасты елді мекендерге 12 аялдама салу жөнінде біз ұсыныс берген болатынбыз. Болашақта жоспарымызда бар. Бірақ бұл жоспарға енгізілгенімен, қаражаттың бөлінуіне қарай шешілетін дүние болып тұр. Нақты бүгін-ертең аялдама мәселесі шешіледі деп айта алмаймыз.
Ал Атырау қаласының жолаушылар тасымалына жауапты мекеме басшылығы таяу күндері автопарк жаңа автобустарды жолға шығаратынын айтты.
Әдібек Тәңкиев, жолаушыларды тасымалдау мекемесінің директоры:
- Қазіргі таңда Тасқалаға қатынайтын 51 маршрут тендерге берілген болатын. Ол проблеманы біз білеміз. Жуырда тендер өтетін болады. Мердігер мекеме анықталып, жұмысқа шығады.
Әзірге округке қарасты үш ауылдың тұрғындары бала-шағасымен такси жалдауға немесе жаяу қатынауға мәжбүр. Бірақ облыс орталығына дейінгі арақашықтық 7 шақырымнан артық екенін ескерсек, ол да оңай шаруа емес. Ал нәпақа іздеген такси иелері жолақысын күрт көтеріп жіберген.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев