Жұмысшылар бір жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр
Одан бері бірнеше ай уақыт өтсе де, мәселе шешімін тапқан жоқ. Адал еңбегінің ақысын талап еткендер тағы да берешек мекеменің ғимаратының алдына жиналды.
Бақытжан Жүнісбеков отбасын асырау үшін Тараздан Қарағандыға барып, көпір құрылысында еңбек етіпті. «Ауа райының ыстық-суығына қарамай жұмыс істедік», – дейді ол. Енді міне жалақысын ала алмай, компанияның табалдырығын тоздырғанына 1 жыл болған.
Бақытжан Жүнісбеков, жұмысшы:
- Мен Тараздан келдім. Айлығымызды бермегелі бір жылдай болып қалды. «Наурыз айында төлей бастаймыз», – деді де, жұмысқа қайтадан шақыртып алды. Қарағандыда жұмыс істедік, көпір салдық. Маған 500 мыңдай қарыз. Жол шығынының бәрін өз қалтамыздан шығарып жатырмыз.
Компания жұмысшылар алдындағы берешегін бөліп төлеуде. «Жалақысын ала алмай жүрген 407 жұмысшыға ай аралатып 50-100 мыңнан беріп жатырмыз», – дейді компания басшысы. Алматы облыстық еңбек инспекциясының мәліметінше, компанияның жұмысшылар алдындағы берешегі 142 млн-нан 116 млн теңгеге азайған. Алайда компания басшысы бүгінгі күні 10 млн-нан аса берешегіміз қалды деп отыр.
Тимур Накусов, мердігер компания басшысы:
- Соңғы рет 31 желтоқсанда барлық жұмысшыға бірдей көлемде жалақы бердік. Қазіргі уақытта артық техникаларымызды сатылымға қойдық. Содан түскен ақшамен қарызымызды өтейміз деп отырмыз. Қалған берешек 10 млн теңге көлемінде. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында барлық жалақы қарызын төлеп бітіреміз.
Аталған мәселе бойынша бұған дейін әкімшілік іс қозғалған. Алайда нәтиже болмаған соң, талап арыз Алматы облыстық экономикалық сотына жолданған. Сот 16 қаңтарда мемлекеттік еңбек инспекторының ұйғарымын мәжбүрлеп орындату жөнінде шешім шығарған. Енді бұл іспен жеке сот орындаушылары айналысады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев