Президенттік кадр резерві: Жас менеджерлер мемлекеттік басқаруды меңгереді
Ол Атырау облысы әкімінің орынбасары ретінде жұмысқа кірісті. Бұған дейін ҚР Энерегетика министрлігінде департамент басқарған қабілетті жас енді атқарушы билікке келді.
Қашан да қазаны қайнап жататын облыстық әкімдіктің жалынды жасқа жаңа міндеттер жүктейтіні анық. Қарбаласқа қарамастан, бізге кейіпкерімізден жарты сағат сұхбат алудың сәті түсті. Ержан Әбілханов – Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы. Ол өзі туралы, отбасы мен жастық шағы туралы шешіле сырласты. Бес баланың әкесі қолы қалт етсе, футбол ойнауды ұнатады екен. Бұл спорт түріне бала кезден қызығушылық танытқан.
Ержан Әбілханов, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
- Мен негізі көп жылдан бері итальяндық клубтың жанкүйерімін. Бір кезде қауымдастыққа бірігіп, сүйікті тобымның әр ойынын қалт жібермеуші едік. Қазір бос уақытым болмағандықтан, футбол тамашалай алмаймын. Тек ойын нәтижелерін бақылап жүремін.
Ержан Әбілханов жаңа лауазымы бойынша облыстың күрделі салалары кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және мұнай-газ өнеркәсібіне қатысты мәселелерге жауап береді. Жас маманның мақсаты – ел игілігіне еңбек етіп, Мемлекет басшысының сенімінен шығу.
Ержан Әбілханов, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
- Әрине жұмыс графигі өте тығыз. Дегенмен маған осындай мемлекеттік қызмет ұнайды. Өндірісі өркен жайған өңірден тәжірибе жинасам деймін. Жалпы бұл қызмет арқылы адамдармен де жете танысуға мүмкінідк мол. Мені осы жұмысқа алғандар өкінбейтіндей іс тындырсам деймін.
Мемлекет басшысы таңдаған 300 резервтік жас маманның бесеуі Атырау облысының тумасы. Олар осы уақытқа дейін түрлі салада еңбек етіп, өздерін көрсете білген жігерлі жастар. Енді олар еліміздің әлеуетін арттыруға ат салыспақ.
Руслан Тұңғышбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департамент басшысының орынбасары:
- Бұл – Жастар жылы аясындағы ұйымдастырылған өте керемет жобалардың бірі. Ел болашағы үшін өте маңызды деп ойлаймын. Бұл жоба не береді? Жастарға мемлекттік сектор немесе квазиәкімшілік мемлекеттік қызмет болсын, сондағы басшылық лауазымға орналасуға үлкен мүмкіндік береді.
Бүгінде еліміз бойынша резерв құрамына енген 50 адам жаңа лауазымдарға тағайындалды. Биылғы жылдың аяғына дейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы 100 қызметкер жауапты жұмысқа орналасады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Матенов