Ел аумағында сақтық шаралары күшейтіліп жатыр
Санитарлық қызметтер сауысқаннан сақ жұмыс істеп жатыр. Қазір барлық әуежай мен теміржол вокзалындағы тексеріс күшейтілген. Егер жолаушыдан аурудың белгілері анықталса, экипаж не істеу керектігін бес саусақтай біледі.
Шымкенттегі теміржол вокзалының маңы таң атпай абыр-сабыр күйге түсті. Беті-аузын тұмшалаған ақ халаттыларға қарап-ақ халық бар мәселенің коронавируспен байланысты екенін айтпай ұқты. Бірақ өре түрегеліп, үрейленуге еш негіз жоқ. Өйткені бұл қауіпті дерттің алдын алуға арналған оқу-жаттығу шаралары болатын.
Алдымен науқасты күтіп алу, ауруханаға дейін тасымалдау тәртібі пысықталды. Дәрігерлер бәрін мүлтіксіз орындады. Шартты түрде «вирус жұқтырды» деген күдікке ілінген науқас арнайы капсуламен ауруханаға жеткізілді. Қазір облыста шекара асып келген азаматтар түгел бақылауда тұр. Қалада коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ.
Ғалымжан Әбішев, Тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Алдын алу шаралары да жүргізіліп жатыр. Оның ішінде оқу-жаттығу жұмыстары бар. Егер де науқастардың саны артса немесе күдікті тіркелген кезде қосымша төсек орындардың ашылуы Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қарастырылған.
Қазір ел аумағында айқайға аттан қосатындар көбейді. «Вирус жайлап барады», – деп жалған ақпар таратушылар табылуда. Олардың көксегені көзсіз ерлік емес, ел ішін дүрбелеңге салу. Ақтөбелік құқық қорғаушылар осындай бүлікшіні іздеу үстінде. Олар әлеуметтік желіде «Қытайдан келген бірнеше азаматтан қауіпті дерт анықталды» деген хабарлама жариялаған. Жалған ақпарат таратуға қатысты қылмыстық кодексте 274-бап бар. Бейбіт күнде халықтың үрейін алғандар бас бостандығынан айырылуы да әбден мүмкін.
Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Жалған ақпарат тартқаны үшін қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық Полиция департаментімен осы жалған ақпаратты таратқан азаматтарды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Ал жуырда Петропавлға Қытай мен Оңтүстік Шығыс елдерінен 46 азамат келген. Бірақ «кеселді жұқтырды» деген күдіктілер тіркелген жоқ. Облыста коронавирус инфекциясының алдын алуға байланысты арнайы штаб құрылған. Қазір екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Айтпақшы, ақпан айының басында аспан асты елінен тағы да еңбек мигранттары келуі тиіс. Оларды күтіп алу, тексерістен өткізу қазірден бастап қатаң пысықталып жатыр.
Меруерт Атамбаева, Тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаментінің бас маманы:
- Тайынша ауданына 6 адам келеді деген болжам бар. Және келген жағдайда біз оларды міндетті түрде тіркеуге алып, «келді» деген ақпарат түскеннен бастап оларды инкубациялық 14 күн бойы медициналық бақылауда ұстаймыз. Және қандай да бір жіті респираторлы вирустық инфекцияға тән симптом анықталатын болса, міндетті түрде оларды медициналық ұйымға жатқызып, бақылауға алынатын болады.
Қостанайда да жыл басынан бері Қытайға сапарлап қайтқандар және өңірде жұмыс істейтін еңбек мигранттары толықтай тіркеуге алынды. Дүрлігуге негіз жоқ. «Бірде біреуінен дерт белгілері байқалмады», – дейді мамандар.
Людмила Налобина, Тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Бүгінгі күні сырқаттарды қабылдайтын орындар резерві дайындалды. Сондай-ақ қолда бар емдеу, қорғауға қажетті құралдар қоры тексеріліді. Қосымша сатып алынатын заттардың есебі шығарылды.
Жаһанды жайлап бара жатқан дерттің беті жаман. Өскемендіктер: «Медициналық маска тапшы», – деп дабыл қағуда. Дәріханада сатылмайды, өйткені қоймада да жоқ. Бұған дейін Қытайдан тасымалдаған екен, бірақ қазір іргедегі көршінің өзі бетпердеге зәру болып отыр. Бірақ билік қол қусырып қарап отырған жоқ. Ресейге тапсырыс беріпті.
Светлана Нестеренко, дәріхана меңгерушісі:
- Медициналық маскалардың жетіспеушілігі байқалады. Дегенмен тұрғындардан аса алаңдамауды сұраймыз. Келесі аптада мұндай бұйымның мол түсімі жоспарланып отыр. Ресейге тапсырыс берілді. Оның бағасы да аса қымбат болмайды.
Әрине қазіргі жағдайды ел билігі «көрмей-білмей отыр» деуге болмас. Қазақстан коронавирустан қорғанысты күшейтіп, қосымша 1,5 млрд теңге бөлді. Бұл қаржыға арнайы құралдар, маскалар, өзге де қажетті заттар сатып алынбақшы.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Оның үстіне өзіміздің қорымыз, жергілікті жерлерде берілетін көмек бар. Яғни көмекті немесе медициналық қолдауды қажет ететін азаматтар болса, оған біздің қаржымыз да, мүмкіндігіміз де жеткілікті.
Қауіпті инфекция туралы ақпардың тарағанына апта өтпей жатып, елордадағы Ұлттық биотехнология орталығы диагностикалық тест ойлап тапты. Яғни тесттің көмегімен инфекцияның бар-жоғын бір тәулікте анықтауға болады.
Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры:
- Біз оны қысқа уақытта жасап шықтық. Бұл «Қазақстанда ғылым бар ма?» деген сауалдың жауабы деп ойлаймын. Бұл біздің де әлемнің өзге елдері секілді шұғыл шара қабылдай алатынымызды, отандық ғылымда нақты нәтиже бар екенін көрсетеді.
Қазір барлық әуежайда шетелдік рейспен жеткен жолаушылардың бірі қалмай тепловизор арқылы тексеруден өтіп жатыр. Бұл құрылғы топ адамның ішінен дене қызуы көтерілген жанды жазбай таниды. Қауіпсіздік шаралары әуе қақпасынан бастап қатаң қадағалануда.
Авторы: Шынар Асанқызы