Жол азабы: «Сырым» өткізу бекетіндегі ұзынсонар кезек бітер емес
Бірақ редакциямызға қоңырау соққан тұрғындар тағы да кептелістің пайда болғанын айтып, шағымданды. Әрі жүк көліктерінің ондаған шақырымға тізіліп тұрғанын хабарлады.
Жол азабын жүрген білер. Жүк көлігінің жүргізушісі алматылық Қадыр Бадаловтың Алматыдан шыққанына аптаға жуықтапты. «Қар мен боран, көктайғақтың кесірінен жүрісіміз мандымай келеді», – дейді ол.
Қадыр Бадалов, жүргізуші:
- Жолға қарайтын адам жоқ па?! Қиналып жатырмыз. Барлық шопыр қиналып жатыр. «Жол жоқ» деп айтуға да болады. Жымпитыға дейін осылай болып тұр.
Ауа райының қолайсыздығынан қар тұтқынында қалған жүргізушілер жол ашылған соң, атқа қамшы басқан. Жүк көліктерінің нөпірі шекараның түбінде тежелген. Жеті шақырымдық кезекке осы себеп болыпты. Ал өткізу бекеті қалыпты ырғақта қызмет етуде. Орал мен шекараға дейінгі жол жарқырап жатыр. «Әлеуметтік желілерде жазылғандай, бір күн бұрын көктайғақ болғаны рас», – дейді мамандар.
Ізтұрған Хайыров, «Қазақавтодор» ЖШС №38 жол пайдалану учаскесінің бастығы:
- Көктайғақтың болғаны рас. Кейіннен біз құм шашып тастадық. Қазір көріп жатқандай, еріп жатыр. Күні-түні жұмыс істеудеміз. Қолда бар техниканың күшімен істеудеміз.
Республикалық маңыздағы жолдарды күтіп ұстау «Қазақавтодор» серіктестігінің мойнында. Бірақ кәсіпорын өз міндетін толық атқара алмайды. Оған техника жетіспеуі себепші көрінеді. Бүгінге дейін мекеме қажетті техникамен 42% ғана қамтылыпты. Сондықтан жол сапасы ақсап тұр. Мұны тиісті тексерістер нәтижесі де растайды.
Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚОФ инженері:
- Қаңтар айы бойынша 17 бақылау жүргізілді. 14 зертханалық сынама, яғни құмды тұз қоспасы алынды. 12 ұйғарым жасалды. Мына қарды уақытылы тазартпай, тұз қоспалары себілмегендіктен жолда көктайғақ пайда болады, яғни ол өз кезегінде жол қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қазір республикалық маңыздағы жолдарды қадағаласа, келешекте облыстық және қалалық жолдарды күтіп ұстау жайын, жөндеу жұмыстарының сапасын бақыламақ.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов