Қызылорда облысында су тасқынын алдын алу шаралары пысықталды
Мұндай кезде өзенде мұз еріп, сең козғалуы мүмкін. Əсіресе көктем шыға құтқарушылардың жұмысы қыза түседі.
Тасқынға тосқын болып, елді мекендерді қорғап қалу маңызды. Оқыс жағдайларда абдырап қалмау үшін қызылордалық құтқарушылар дайындықты пысықтап, оқу-жаттығу өткізді.
Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне секундына 400 текше метр су тасталып жатыр. Оның 300 текше метрі Көксарай су реттегішіне кетеді. Ал Қызылорда облысының аумағынан секундына 120 текше метр су өтуде. Жосалы гидробекетіндегі су деңгейі 630 см шамасында. Қауіпті меже 680 см. «Демек үрейленуге негіз жоқ», – дейді мамандар.
Бақытжан Жондабеков, облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы:
- Шардара суының азаюына байланысты біздің қалаға ондай су қаупі жоқ. Оңтүстік аудандарда су қатқан жоқ. Қазір мұз Арал, Қазалы аудандарында 5-20 см дейін қалың болып тұр.
Сырдария өзенінің Қызылорда облысындағы жалпы ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Оның бойында бүгінде 56 қауіпті учаске бар екен. Оның бесеуі Қармақшы ауданында. Су арнасынан асқан жағдайда қандай әрекет жасалатыны оқу-жаттығу барысында пысықталды. Мынадай қапшықтарға құм салынып, судың жолы бөгелетін болады. Бұл қапшықтарды қоюдың да өз әдісі бар. Сонда ғана суды тоқтату мүмкін болады.
Дегенмен, сақтық керек. Қармақшы ауданының аумағында өзен иіндері көп. Мұз құбылысы кезінде су деңгейі кенеттен көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдай биылдың өзінде бірнеше рет қайталанды. Бүгінгі техникалар мен қажетті инерттік материалдарды түгендеп, дайындығын тексерудің де бір себебі – осы. Мына қаз-қатар тізілген ауыр техникалар қандай да бір оқыс жағдай кезінде бөгеттерді нығайтып, мал мен жанды аман алып қалу үшін жұмылдырылмақ.
Өмірбек Сақтабаев, Қармақшы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Қармақшы ауданы бойынша осындай төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 9,5 тонна жағармай қоры, 2 мың дана қада, 2 мың метр сым, 1700 бау қамыс, 10 мың қап құм әзірленген. Сонымен қатар кәсіпкерлік нысандары мен осындай төтенше жағдайлардың алдын алуға келісім жасалған.
Синоптиктер өңірде алдағы 5 күн бойы жылы ауа райының сақталатынын мəлімдеп отыр. Түнде -1°, ал күндіз +7°-10° дейін көтеріледі. Демек бұл күндері сең қозғалуы ықтимал. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі де жоғарғы дайындық жүргізері сөзсіз.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев