Үкімет жекеменшік мектеп санын көбейтуді қолға алды
54 білім ошағы апатты жағдайда. Ал 712 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі негізгі проблема – білім ошақтарының жетіспеушілігі. Әрине, мемлекет бұл олқылықтарды жою үшін арнайы шаралар қабылдап-ақ жатыр. Бірақ бала саны жыл сайын артуда.
Сондықтан ел Үкіметі жекеменшік мектеп санын көбейтуді қолға алды. Мұндай білім мекемелері елімізде 1992 жылдан бері бар. Былтыр тағы осындай 50 мектеп өз жұмысын бастады.
Елнұры 6 жаста. Жекеменшік мектепте білім алады. Үш тілде сауат ашып жүр. Сабақтан тыс тоғызқұмалақ, домбыра үйірмелеріне қатысады. Кестесі солай. Бүлдіршін жасалған жағдайға дән риза.
Елнұры Мұрат, оқушы:
- Мына мектепте шкафтар бар. Ана жақта біз гардеробқа ілетінбіз.
Елнұрының әке-шешесі: «Мұнда баланы жан-жақты дамытуға аса мән берілген»,– дейді. Әр оқушыға жеке көңіл бөледі, тамағын беріп, үй тапсырмасын орындатады. Ал ата-ана міндеті: баланы апарып, алып келу.
Сырым Мұрат, Елнұрының әкесі:
- Сыныпта 15 оқушы. Әрқайсысына бөлек уақыт бөлінеді. Мұндай жағдайда балаларға түгел оқу жүйесін жетік білуге болады. Осы бізге қолайлы. Сабақтары 17:00-де аяқталады.
Жекеменшік мектептің ашылуы демографиялық өсіммен байланысты. Мектеп директоры: «Елордадағы білім ошақтарында бір сыныпта 30-40 баладан оқуға мәжбүр. Сондықтан осындай мекемелердің атқаратын рөлі зор», – деп отыр. Әрі білім саласында бәсекелестік орта қалыптастырады. «Бірақ мемлекет тарапынан қойылатын талап жоғары болғандықтан, бала тәрбиесіне үлкен мән береміз», – дейді Інжу-Маржан Қуанбай.
Інжу-Маржан Қуанбай, ұстаз:
- Мемлекеттік стандартты міндетті түрде оқытуымыз керек. Сол стандартқа көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Оған біздің шамамыз жетеді. Мектебімізге сапалы кадрлар дайындадық.
Былтыр елімізде 50-ден астам жекеменшік мектеп ашылған. Бұл аз. Себебі Қазақстанда осындай білім ошақтарының үлесі 1% жетер-жетпес. Ал мектеп жасындағы балалар санының 3 млн-ға жуықтайтынын ескерсек, бұл теңізге құйған тамшымен тең. Сондықтан мамандар: «Жекеменшік білім ұйымдарының санын көбейту дұрыс», – деп отыр. Ал қойылатын талап барлығына бір.
Ғалымжан Жұмашев, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті басшысының міндетін атқарушы:
- Біз жекеменшік немесе мемлекеттік мекеме деп бөлмейміз. Қазіргі қолданыстағы ереже мемлекеттік немесе жекеменшік білім беру ошағына бірдей. Барлығына бірдей ереже жүреді.
Иә, қағида ортақ. Бірақ ішкі жүйе бөлек. Жекеменшіктің аты айтып тұрғандай, білімі тегін емес. Оқыту құнын өздері белгілейді. «Орташа есеп 100 мыңның ар жақ, бер жағы», – дейді сарапшылар. Бұл, әрине, қарапайым халықтың қалтасына ауырлық етеді. «Сондықтан әр балаға төленетін оқу ақысының жартысын мемелекет өтесе екен» деген ұсыныс көтерілді.
Гүлнар Омарова, Ата-аналар қоғамдастығының төрайымы:
- Біз экономикалық жағдайды да түсінуіміз керек. Егер ата-ананы ешкім мәжбүрлемейді. Егер мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, 500-600 мың тг беретін болса, онда, әрине, төлемақы қолжетімді болатын еді.
Бұл ұсыныс уақыт еншісінде. Ең бастысы, бала білімсіз қалмауы керек. Мемлекет әуелі осыны қадағалайды. Сондықтан жыл сайын мектеп ашуға ынталы. Еске сала кетейік, бүгінде елімізде үш ауысымда бала оқытатын 183, апатты жағдайдағы 54, күрделі жөндеуді қажет ететін 712 мектеп бар.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Әлібек Әлиев