Қытайдан жеміс-жидек пен көкөніс импорттау уақытша тоқтатылды
Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 18% көп. Негізінен импорттың көлемі басым.
Шаруашылық тауарларын айтпағанда, шығыстағы көршіден елімізге көкөніс пен жеміс-жидек әкелінеді. Енді ол елде шыққан жұқпалы індетке байланысты шекара уақытша жабылды.
Осы ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған кейбір пысықай кәсіпкерлер көкөністің бағасын біртіндеп қымбаттатып жатыр. Әсіресе бұл аспан асты еліне көрші өңірлерде ерекше байқалып тұр.
Өскемендегі базарларда қазір адам өте аз. Кәсіпкерлердің айтуынша, оның бірнеше себебі бар. Ең негізгісі: жаңа жылдан соң сауда-саттық көп болмайды. Екіншіден, биылғы қыстың қолайсыздығынан жол жабылып, кейбір тауарлар уақытылы жеткізілмей жатыр. Бұл да бағаға әсер еткен. Ал шығыстағы Қытайға шығатын екі қақпа Майқапшағай мен Бақты бекеттері уақытша жабылғалы кейбір көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы өскен.
Алтын Жұмабекқызы, сатушы:
- Жаңа жылдан бұрын бұлардың бағасы жәшігіне 3,5 мың болған. Екі күннен бері баға көтерілді. Қазір бір жәшік құны – 5500 теңге.
Еліміздің нарығына жеміс-жидек пен көкөніс негізінен Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдан келеді. Ең көп мөлшерде Қытайдан тасымалданады. Соңғы 3 айда шығыстағы бұл көршіден 117 мың тонна алма жеткізілген.
Жамбыл облысына Қытайдан жеміс-жидек пен мен көкөністі тасымалдауға уақытша тыйым салынған. Осыдан соң өзге елдерден импортталатын өнімнің бағасы 50-100 теңгеге дейін қымбаттады.
Әлібек Нарымбаев, сатушы:
- Қырғыз алмасының бағасы көтерілді. 250 теңге тұрады. Оны 250 теңгеден алып, 300 теңгеге сатсаңыз, халық алмайды.
Қызылордаға да Қытайдың алмасы мен мандарині келмегелі бір ай болды. Бірақ бұл базардағы бағаға әсер етіп жатқан жоқ. Сыр өңірі алманы Иран, Қырғызстан және Өзбекстаннан, алмұртты Аргентинадан, мандаринді Пәкістан мен Мароккодан алады. Түлкібас пен Алматының да жеміс-жидегі үздіксіз жеткізіледі. Сондықтан бұл өңірдің нарығы Қытайдың өніміне тәуелді емес.
Мақсұт Рымбаев, көтерме сауда менеджері:
- Баға тұрақты. Айтарлықтай өзгеріс жоқ. Алма құны 350-400 теңгенің арасында. Алматының алмалары 300 теңгеден.
СҚО-да алдағы 1 айда алма мен мандариннің бағасы қымбаттамайды. Өңірде осы өнімдердің бір айға жететін қоры бар.
Мұрат Нұрқанов, Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі кезде соңғы жағдайларға байланысты біздің облысымызда кәсіпкерлердің өздігінен бағаларды көтеру фактілері тіркелген жоқ.
Шығыстағы шекараның уақытша жабылуы Ақтөбе базарларындағы жеміс-жидек бағасына да әсер еткен жоқ. Себебі бұл өңір Қытай өнімін өте аз мөлшерде алады. Негізінен Ресей мен Еуропа және Таяу Шығыстан әкеледі.
Қалимаш Айдарбеков, сатушы:
- Ешқандай өзгеріс болған жоқ. Сол бұрынғы бағамен сатып жатырмыз ғой.
Жеміс-жидектің бағасы әр өңірде әртүрлі. Тек Қытаймен шекаралас аймақтарда кейбір өнім түрлерінің бағасы өскен. Ал қауіпсіздік үшін қақпаның уақытша жабылғанын кәсіпкерлер де қолдап отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Руслан Бақытбекұлы, Нұрлан Жақыпбек, Мансұр Есқожин, Самат Қайырденұлы