Хабар телеарнасы

2023 жылы Қазақстанда балалар үйі болмайды

Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанда 68 балалар үйі болса, қазіргі саны – 29. Бүгін бұл жайлы Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында Бердібек Сапарбаев айтты. Ол «балалар үйі» деген қасаң түсінікті жойып, орнына балаларға көмек көрсету орталықтарын құруды ұсынады. Сондай-ақ кеңес отырысында балалар үйі қызметкерлерінің жалақысын өсіру мәселесі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тапқаны айтылды. Білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелеріне жүргізілген тексеріс қорытындысы жарияланды. Бір жыл бойы 200 елді мекенді аралап, 1300-ден астам мекеме тексерілген. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Көп мекемеде балалар құқығы сақталмайды, қауіпсіздігі қорғалмайды екен.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмасы бар. Біз қазір әкімшіліктерге тапсырма бердік. 1 қыркүйекке дейін барлық мектептер, балабақшалар бейнекамелармен қамтамасыз етіледі. Одан кейін қазір бізде 2300-ге жуық мектепте әжетхана далада орналасқан. Оны да біз 1 қыркүйекке дейін толығымен жоямыз. Қазір ІІМ-ге жергілікті билікпен бірлесіп күзет мәселесін арнайы органдарға тапсыру жөнінде тапсырма берілген.