Қарағанды облысында бір айдың ішінде 2500 отбасыға АӘК тағайындалды
Мамандардың айтуынша, енді жаңа тәртіпке сәйкес мемлекеттік жәрдем тек мұқтаж жанұяларға ғана беріледі.
Жалғызбасты ана Мейрамгүл Шілтебаева былтыр үш баласына 78 мың теңге шамасында АӘК алып келген. Биыл мемлекеттік жәрдемнен қағылды. Кенже баласы 3 жастан асқандықтан, жұмысқа шығуы керек. Бұл – жаңа заңның талабы.
Мейрамгүл Шілтебаева, Қарқаралы қаласының тұрғыны:
- Егер де мен: «Жұмысқа шықпаймын», – деп жұмыстан бас тартсам, маған әлеуметтік көмек төленбейді. Көбісі сол ақшаның арқасында жұмысқа шыққысы келмейді, сондықтан бұл талап дұрыс деп ойлаймын. Жұмыс істеу керек.
Осылайша Мейрамгүл секілді көптеген ана қазір масылдықтан арылып, еңбекке араласып жатыр. Кейбірі кәсіп ашуға ниеттенген. Табысы аз болса, АӘК алады. Бұған қоса тоқсан сайын әр балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған.
Анар Мерсалимова, Қарқаралы аудандық жұмыспен қамту бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Орта есеппен азық-түлік пакеті бір балаға 4707 теңгеден келеді. Сосын тоқсан сайын, яғни 3 айда бір рет гигиеналық құралдар беріледі. Ол 1740 теңгені құрайды.
АӘК тағайындалған отбасының 6-дан 18 жасқа дейінгі балаларына сондай-ақ мектепте ыстық тамақ, оқу құралдары, киім-кешек үлестіріледі. Ал кәмелет жасқа толмаған 4 және одан көп баласы бар жанұяларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Ондай төлемді жыл басынан бері Қарағанды өңірінде 13 мың отбасы алып отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин