Депутаттар аудитті дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді ұсынды
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар осындай ұсыныс айтты. ЕАЭО елдері 2 жылдан кейін бірыңғай аудиттік нарық құруға дайындалуда. Ал әзірге салада қордаланған мәселелер көп. Жоғары білікті маман тапшы. Оны шешуге бағытталған Үкіметтің ұсынысын депутаттар құптамай отыр.
Бұл бюджетті сапалы атқаруға кедергі. Елімізде аудит жайлы заң 5 жыл бұрын қабылданды. Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарында аудиттік жаңа жүйе құру тапсырылды. Алайда ол әлі толық орындалмады. «Мамандар аудит емес, бұрынғы ревизиядан әрі аса алмай жүр», – дейді депутаттар. Кадр тапшылығы және бар.
Серік Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл жүйені жетілдіруге әлі мүмкіндік бар, ол үшін қосымша қаражат емес, кадрлық мәселелерді даярлау керек. Аудиторлардың 40% жұмыстан босатылған, әртүрлі себептермен сапасы мен нәтижесін білмей отырмыз. Ең маңызды нәтиже мемлекеттік қаражаттың жұмсалу тиімділігін тексеріп, баға беру.
Мемлекеттік органдардағы ішкі аудиттің сапасы сын көтермейтінін салаға жауапты министр мойындап отыр. Жылына ішкі аудит қызметі әзірлеген материалдарың 16% стандартқа сай емес. Бюджет көлемінің 12% ғана аудитпен қамтылған.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттік органдар аудитпен толық қамтылмайды, заңбұзушылықтың барлығы анықталмайды, аудиттің сапасы нашар. Ұсыныстар орындалмайды. Бұл проблеманы қалай шешуге болады?
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі:
- Мы должны стремиться к 100% всех бюджетных средств, мы должны контролировать.
Заңбұзушылықтардың 77% бугалтерлік есептің дұрыс жүргізілмеуіне байланысты. Сондықтан электрондық бухгалтерия құру ұсынылды. «Барлық мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерін интеграциялау да тиімді», – дейді Әлихан Смайылов. Бұған қоса аудитті аутсорсингке беру ұсынылды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі:
- Аудиторлық ұйымдарға құқық қорғау блогына қатысты тексерулерді аутсорсингке беру бойынша ішкі мемлекеттік аудит комитетінің мемлекеттік аудиторларының орнына жеке аудиторларды тарту қажет.
Алайда депутаттар мұны асығыс қабылданған шешім деп санайды. Себебі бұл жекеменшік мамандарды жемқорлыққа жетелеуі мүмкін. Депутаттар аудитті дамытудың өз бағдарламамызды әзірлеуді ұсынды. Өйткені 2022 жылдан ЕАЭО елдері аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын құруды жоспарлауда. Ресей мен Беларусь жаңа жүйемен жұмыс істеуде.
Гүлжан Қарағұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бізге аудиттің үлкен бағдарламасын қабылдау қажет. Ертең одаққа мүше елдер талап еткенде өзіміздің жобамыз болмай, Ресейдікіне көнуге мәжбүр болмайық. Интеграцияға дайын болып, сараптап бағдарлама құрайық.
Қаржы министрі: «Салада ілгерілеу де жоқ емес», – деді. Камералық бақылаудың арқасында аудиторлардың тексерулері 6,5 есеге азайып, тиімділігі 2 есеге артқан. Айта кетейік, Әлихан Смайылов сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, сапаны анықтау үшін барлық аудитордың жалақысын көтеру туралы ойын да айтты.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аян Сәрсенбаев