Ақтауда мұрнынан айырылған сәби қайтыс болды
Оған кей кезде дәрігерлердің салғырттығы да себеп. Ақтаудағы көпбейінді балалар ауруханасында 30 күн жатып, үйіне шығарылған шақалақ шетінеп кетті. Талғат есімді сәби былтыр дүниеге келген еді. Мерзімінен ерте туғандықтан, перзентхана қызметкерлерінің бақылауында болды. 7 ақпан күні ата-анасы қолхат жазып, перзентін үйіне алып кетеді. Өкінішке қарай, 2 тәуліктен соң бала көз жұмды. Дәрігерлер оған «жеңіл түрдегі өкпе фиброзы» диагнозын қойған.
Сәбиге перзентханада операция жасалып, мұрнын алып тастап еді. Ол кезде жақындары: «Өз ісіне салғырт қараған», – деп дәрігерлерді айыптады. Қалалық сотқа арыз жазып, 10 млн теңге талап етті. Судья мәселені зерттей келе перзентхана басшылығын 1 млн теңге төлеуге міндеттеген болатын.
Нұрбол Оқуов, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Сәби Бекназар Талғат туған кезде салмағы 940 гр болды. Айы-күні толық емес. 26-ыншы аптада дүниеге келген. Маңғыстау облыстық көпбейінді емханасында стационарлық ем алды. Алматы және Астана қалаларында телемедицина арқылы тәжірибесі жоғары мамандармен тілдесіп, тиісті ем-дом жасалған еді. Өкінішке қарай, осындай жағдай орын алды.