«U.S. News» басылымы бала тәрбиесі бойынша әлем елдерінің көрсеткішін жариялады
Баланы бауыр етіндей көретін біздің жұрт үшін бұл көрсеткіш қандай дәйектерге сүйеніп жасалды екен?
Жеке кәсіпкер, 4 баланың анасы 47 жастағы Эльмира Шегірбаева шетелдік басылымның пайымымен келіспейді. Өйткені жолдасы екеуі үйленгеннен бастап отбасылық стратегияны ойластырыпты. «Алдымен қаржылық тәуелсіздік болады, содан соң ғана балалы боламыз», – деп шешкен.
Эльмира Шегірбаева, қала тұрғыны:
- Бұл ақпаратты оқығанда қатты таңғалдым. Рейтингті шығарғандар қандай негізге сүйенгені қызық болды. Әдейі мақаланы оқып, жауап іздедім. Сөйтсем, еліміздегі бала тәрбиесіне әсер ететін гендерлік саясат, адам құқығын сақтау, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне сай шығарылған рейтинг екен. Мен де анамын, бірақ келіспеймін.
Адал еңбектің арқасында қарапайым әйелден бизнесвуменге дейін өскен ол: «Өз балаларымды Абайдың нақыл сөздеріндегі принциппен тәрбиелеп отырмын», – дейді. Мысалы, балаларын үлкенге құрмет, кішіге ізет етуге, еңбекқорлыққа баулиды. Жалпы қазақ халқы бала тәрибесіне үлкен мән береді. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген нақыл да соған дәлел», – дейді қала тұрғындары.
Басылым мұндай қорытындыны 8 көрсеткішке қарап жасапты. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, гендерлік саясат сияқты маңызды пунктері бар. Бестікке кірген Дания, Швеция, Норвегия, Канада және Нидерландының рөлі белгілі. Бұл елдердің экономикасы өрлеп тұр. Бірақ қылмыс атымен жоқ деген сөз емес. Бір артықшылығы, баланы сәби кезінен денсаулығын сақтауға үйретуді қолға алған. «Бірақ біз олардан кем емеспіз, тек алға жүруіміз керек». Мамандар осылайдейді.
Ілияс Әділбаев, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстан халықаралық бюро филиалы басшысы:
- Дамыған ел деп атап жүрген мемлекеттердің өзінде дамуға шектеу қойылмаған. Сондықтан бұл рейтингті өз еліміз үшін экономикамызды жақсарта түсуге себеп деп қабылдау керек. Меніңше, жалпы рейтингті көтеру үшін балалар құқығын қорғайтын жеке ұйым құрылғаны жөн. Сонымен бірге білім беру саласына берілетін серпін тұрақты болуы керек.
Ілияс Әділбаевтың ойынша, осы типтес рейтингті шығару үшін әр елдің тыныс-тіршілігімен толық танысу қажет. Оның саяси алғышарттарын толық меңгеру керек. «Тәуелсіздік алғанына енді 29 жыл толатын мемлекетті сөгу әркімнің қолынан келеді. Алайда осы сынды маңызды тұстарды ескерген жөн», – дейді ол.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Дана Мырзатай, Аманжол Байғазин