Былтыр 1,5 мың тонна бал экспортқа шықты

  • 17
  • 21.07.2026, 19:46

Қазақстан бал экспортын арттырып жатыр. Тек былтырдың өзінде мың жарым тонна өнім шетелге шығарылған. Отандық балды тұрақты түрде алатын мемлекеттердің қатарына таяуда Европа елдері де кірмек. Ара шаруашылығын дамыту үшін саланы цифрландару жоспарланған.

Жантөре Ысқақов – кәсіби омарташы. Істі қолға алған алғашқы жылдары не-бәрі 2 ара ұясы болатын. Қазір оның саны 40-тан асады. Әрқайсысы жылына 10 келіден астам бал береді. Кәсібіне жан-тәнімен ден қоятын ол бұл салада тың технологияны қолданудың тиімді тұсы барын білген. 

Жантөре Ысқақов, омарташы:

– Бізге бәрі де қажет. Ең алдымен, ол – өз еңбегің, жауапкершілігің және өз алдыңа қойған арманың. Қазір біз ара ұясының ішкі температурасын датчик арқылы өлшейміз. Сондай-ақ оның ылғалдылығын да өлшеп, барлық көрсеткіштерді цифрлық жүйе арқылы бақылап отырамыз. Ал қырда тұратын адамдарды іздеп табу қиын. Сондықтан біз де цифрлық камералар арқылы, телефоннан бақылап отырамыз.

Александр Сенатский де ара шаруашылығын терең меңгерген тәжірибелі омарташы. Балдың қасиетін де, кәсіпті цифрландыру қаншалықты маңызды екенін де жақсы біледі. Бір кездері жергілікті бюджеттен қаржылай демеу болып, өзі құрған кооперативке 40-тан астам шаруа мүше болған. Дегенмен қазір қолдау алу қиындапты. Ал саланы қалай дамыту керектігін жауаптыларға жеткізген.

Александр Сенатский, омарташы:

- Мен Ақтөбе облысында ара шаруашылығын дамыту үшін қандай субсидия керек екені түзілген құжаттарды ұсындым. Яғни бал араларын қыстату үшін қыс кезінде қажет азыққа қаржылай қолдау болса деймін. Өйткені мал, құс шаруашылығы секілді ол жәндіктерге де демеу керек.   

Негізі бұл іспен айналысу оңай емес. Ара өсіру үшін шаруалар тек бір жазда 3-4 рет жайылымдық жер іздеп көшуі мүмкін. Себебі балға қыша, түйебұршақ, беде сынды бірқатар шөптердің нәрлі гүлдері қажет.

Ал елімізде ара шаруашылығы барлық дерлік өңірде болғанымен, Алматы, Түркістан, Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында жақсы дамыған. Былтыр елде 5 мың тонна бал өндірілсе, оның 1,5 мыңы экспортталған. Негізінен Өзбекстан, Қытай, БАӘ, АҚШ, Канада тұрақты түрде алып келеді.

Мұхит Омаров, ҚР АШМ Асыл тұқымдық іс басқармасының басшысы:

- Омарташылар тек балды ғана емес, прополис, перга және басқа да ара шаруашылығы өнімдерін экспорттап, ішкі нарыққа да шығарады. Министрлік 2025–2027 жылдарға арналған бал ара шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Бал өндірісіне байланысты субсидиялау тетігі қарастырылған. Егер өндірілген бал сатылатын болса, әр килограмына 200 теңгеден субсидия төленеді. Ағымдағы жылы осы бағытқа шамамен 1 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.

Бүгінде бұл сала ауыл шаруашылығының табысты әрі стратегиялық маңызы зор бағытының біріне айналған. Елде 12 мыңға жуық шаруа бал жинаумен айналысады.

Аймақтардағы тілшілердің көмегімен Әнуарбек Мырзатайұлы, Таир Мерекенов