Атырау мұнай өңдеу зауыты маңында тұратын халықтың шағымданғанына біраз болды. Облыстық табиғат қорғау прокуратурасы кәсіпорынның санитариялық-қорғаныш аймағына тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде өндіріс орнының қорғаныш аймағын кеңейту жөніндегі жоба әзірлепті. Құжат тиісті органдар тарапынан бекітілген жағдайда, олардың иелеріне заң талаптарына сәйкес өтемақы төлеу немесе өзге тұрғын үй беру мәселесі қарастырылады.
Зауыттан шығатын зиянды шығарындылар мен қолқаны қабатын жағымсыз иіске шағымданған тұрғындар бірнеше жылдан бері көшіруді талап етіп жүр. Осыған байланысты облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы талдау жүргізіп, нәтижесінде заң талаптарының сақталмағанын анықтады.
Мирас Жалмұрзин, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:
- Табиғат қорғау прокуратурасы АМӨЗ-дің санитариялық-қорғаныш аймағына қатысты талдау жүргізіп, бірнеше заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, бұрын бекітілген шекаралық аймаққа жақын маңда орналасқан тұрғын үйлер енгізілмегені белгілі болды. Қадағалау актісі енгізіліп, жаңа жоба жасақталды. Ал жаңа санитарлық-қорғаныш аймағына жаңадан мекенжайлар енгізілді.
Былтыр республикалық «Атмосфералық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» санитариялық-қорғаныш аймағының нақты шекарасын анықтау үшін кешенді зерттеу жүргізді. Жаңа жоба сол зерттеу нәтижесі бойынша әзірленген.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Ғылыми-зерттеу орталығының мамандары осы аумақта жылдың төрт мезгіліндегі желдің бағытын, өндірістік шығарындылардың таралуы мен олардың қоршаған ортаға әсерін зерделеді. Соның нәтижесінде санитариялық-қорғаныш аймағын шамамен 25–30 гектарға кеңейту ұсынылған.
Арман Димұқашев, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС департамент директорының м.а.:
- Біз топографиялық түсірілімнің соңғы кезеңін аяқтап жатырмыз. Жақын арада жобаны санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне келісуге ұсынамыз. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауыты тұрғындарды көшіру жұмысын жеделдету үшін арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жобаға келісім бергеннен кейін құжаттар қалалық әкімдікке жолданады. Бұдан кейін санитариялық-қорғаныш аймағына кіретін нысандарға қатысты рәсімдер басталады.
Ғасырбек Төлеген, қалалық әкімдіктің ресми өкілі:
- Нақты мекенжайлар анықталғаннан кейін барлық процестік жұмыстарды Атырау қаласының әкімдігі жүргізеді. Тұрғындарды хабардар ету, ескерту жұмыстарын жүргізу, жалпы құжаттаманы рәсімдеу, сүйемелдеу жұмыстары – осының барлығын Атырау қаласының әкімдігі жүзеге асыратын болады. Кейін Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарын сақтай отырып, анықталған санитариялық-қорғау аймақтарына кіретін нысандар мемлекет мұқтажы үшін алынатын болады.
Мемлекет мұқтаждығына алынатын тұрғын үйлер нақтыланғаннан кейін тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің нарықтағы құны анықталып, өтемақы төлеу жұмыстары заң талабына сай жүзеге асырылады.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин