Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жыл басынан бері 2 миллиард теңгеден астам айыппұл төледі. Инспекторлар алты ай ішінде 39 компанияны тексеріп, 115 заңбұзушылықты анықтаған. Ең ірі айыппұл жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың біріне салынды. Жоспардан тыс тексеру кезінде мамандар ауаға таралатын зиянды қалдықтар мөлшері шекті нормадан асып кеткенін анықтаған. Жалпы 22 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көбіне қалдықтармен жұмыс істеу ережелері сақталмаған.
Мұрат Ермекқалиев, БҚО Экология департаментінің басшысы:
- Мысал ретінде айтып кету керек, «КПО б.в» компаниясына биыл 3-16 ақпан аралығында біздің департаменттің қызметкерлері жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде осы компания Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328 бабының бірінші, екінші тармақтарына сәйкес, яғни экологиялық рұқсатта көзделген қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерінен асқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынып, ол толық мемлекет кірісіне өндірілді.