Шымкентте стратегиялық маңызы бар А-2 айналма жолын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Ұзындығы 30 шақырым болатын магистральдің бірнеше учаскесі пайдалануға беріліп, алты жолаққа дейін кеңейтілді. Алайда құрылыстың соңғы кезеңі сол маңдағы тұрғындар мен кәсіпкерлерге оңай тимей тұр. Тоқтаусыз жүрген ауыр техникадан үйлер бүлініп, бірнеше дүкеннің қабырғасына сызат түскен.
А-2 айналма жолы қаланың негізгі күретамыры саналады. Құрылыс толық аяқталған кезде кептеліс азайып, жол қозғалысы жеңілдейді. Транзиттік әлеует артады. «Дегенмен ірі жобаның құрылысы көпшілікке кедергі болды», - дейді сол маңның тұрғындары. «Ауыр техниканың тоқтаусыз қозғалысы мен көтерілген шаң мазамызды қашырды», - деп отыр олар.
Ләйлә Қапашова, қала тұрғыны:
- Терезені аша алмаймыз. Шаң толып қалады үйге. Енді су сепкенімен бәрібір қазір күн ыстық. Соның салдарынан үйіміздің бәрі шаң толып жатыр. Әсіресе бізге қатты тиіп жатқаны – жаңбыр жауған кезде су толып, есіктің алдына дейін кіреді.
Құрылыс созылған сайын маңайдағы кәсіпкерлік субъектілерінің де саудасы саябырсыған. Дәурен Дәулеталиевтің айтуынша, жер тегістеген техниканың салдарынан дүкенінің қабырғасы сөгіліп, едені шөккен. «Арнайы сараптамадан соң ғимарат қайта жөндеуге жарамсыз деп танылды», - дейді ол.
Дәурен Дәулетәлиев, кәсіпкер:
- Сауда тоқтады. Мына жердің бәрі төтенше жағдай. Адамдар дүкенге кіруге қорқады. Мына жерден жүк көлігі өткен кезде магазиннің іші дірілдейді. Сарапшылар: «Жөндеуге жарамсыз, енді мұны тек қана бұзып тастап, жаңадан салу керек», - деп айтты.
Салаға жауаптылардың сөзінше, Республика көшесінен Бадам өзеніне дейінгі аралықты жаңғырту жобасында кедергі көп. Құрылыс алаңына түскен 80 тұрғын үй мен қосалқы нысандар мемлекет қажеттілігіне қайтарылып, тағы бірқатарының құжаттары тексеріліп жатыр. Осыдан кейін зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі заң аясында қаралады.
Өмір Қалыбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Қосымша 15 заңсыз құрылыс болған. Олар қоршаулар мен заңсыз салынған ғимараттар болатын. Аталған нысандар мемлекет мұқтаждығына байланысты бұзылды. Егер құрылыс жұмыстары барысында жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес, құрылыс техникасының әсерінен ғимаратқа залал келтірілгені анықталса, оны қалпына келтіру жұмыстары мердігер мекеменің есебінен қаралатын болады.
Сегіз кезеңге жоспарланған стратегиялық маңызы жоғары құрылыстың басым бөлігі аяқталып, қолданысқа берілді. Жалпы жолдың 24 шақырымы алты жолаққа дейін кеңейтілді. Ал соңғы учаскені жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов