Мемлекеттік тіл – ұлтты ұйыстырып, елдің тұтастығын бекемдейтін негізгі факторлардың бірі. Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды».
Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі» атты 3-ші Халықаралық симпозиум өтті. Жиында отандық және шетелдік ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының зерттеушілері қазақ тілін жасанды интеллект пен цифрлық технология тіліне айналдыру, ғылымға бейімдеу, қазақ тілді ғылыми контентті арттыру және ұлттық ғылыми терминологияны жүйелеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Ғалымдар жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің даму бағыты мен ғылыми коммуникация және тілдік технологиялардың өзара ықпалын жан-жақты талдап, көпшілікке түсіндірді. Сондай-ақ қазақтілді цифрлық ресурстарды жетілдіру мен ұлттық тіл моделін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысының қазақ тілін күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас деңгейінен іргелі ғылым мен білімнің, цифрлық технологиялар мен бизнестің өміршең тіліне айналдыру туралы бастамасына ерекше назар аударылды.
Мақпал Жұмабай, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы:
- Қазіргі кезде Қазақстанда 150 млрд токеннен астам сөз қолданыс бар қазақ тілінде. Оның 10 млрд-ы табиғи сөз қоры, яғни сізбен біздің тілімізде сөйлейтін, ал 90 пайызы синтетикалық тіл болып отыр. Осы жерде үлкен университеттердің, ғылыми мекемелердің бұл қорды қалыптастыруда орны айырықша болмақ. Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі келесі бір сапалық деңгейге өсуіне ұлт болып еңбек етеміз деп ойлаймын.
Айта кетейік, симпозиум аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті Филология факультетінің ғимаратында белгілі Абайтанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы атындағы атаулы дәрісхана ашылды. Бұл жай ғана оқу бөлмесі емес, Мекемтас Мырзахметұлының еңбектері, қолжазбалары және ғалымның өзі негізін салған ғылыми мектептің құндылықтары насихаталатын рухани орталыққа айналмақ.