Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Атырау облысында бекіре балығы қолдан көбейтіле бастады

  • 2
  • 06.11.2026, 18:30

Атырау облысы, Махамбет ауданында жылына 15 млн бекіре шабағы мен 120 тонна тауарлы балық өсіретін шаруашылық жұмысын бастады. Мұнда бекіре тұқымдастардың 4 түрі, оның ішінде тұқымы жойылып кеткен пілмай (щип) балығы да бар. Құны 3,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен 870 млн теңге несие алған. Жалпы облыста тоған шаруашылығына бағытталған 8 жоба жүзеге асуда. Оның 4-уі Махамбет ауданында. Балық шаруашылығының болашағын бағдарлап келген тілшімізді тыңдайық.

«Адана» шаруа қожалығы осы жылдың мамыр айынан бастап бекіре тұқымдастардың шабағын өсіре бастады. Мұнда 130-дай аталық және аналық бекіре балығы бағымда тұр.

Мұса Сұлтанғалиев, «Адана» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Жайық-Каспийге осының шабақтарын жіберіп, соның шабақтарын көбейту үшін негізі қолға алынған жоба. Енді қазір іске қосқан жағдайда 15 млн шабақ шығарып, 120-130 тонна тауарлы балық шығарамыз. Жергілікті әкімшілік бізді қолдап жатыр. Осы балықтарды өсіруге осы жерден көлді берді, бекітіп. Енді амандық болса, келесі жылы шабақтарымызды жібереміз.

Бұл биылғы жылдың мамыр айында орыс бекіресінің уылдырығынан өнген шабақтар. Қазір алғашқы 150 мыңнан астам шабақ өсіп жетіле бастады.

Айдын Ілияс, ихтиолог:

–Қазіргі таңда шабақтардың ұзындығы 15-25 см, салмағы 50-80 грамм аралығында. Бұл – өзіміз тәжірибе жүзінде өсірген шабақтар. Келесі жылы өндіріс толық қуатына қосылған кезде, жоспарланған 15 млн шабақты шығара аламыз.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Бұл көріп тұрғандарыңыз бекіре тұқымдастарына жататын пілмай балығы. Жалпы пілмай бүгінде Жайық-Каспий бассейнінде мүлдем жойылып кетті деп айтуға болады. Сондықтан шаруашылықтар оны қолдан көбейтуге жұмыстанып жатыр.

Осындай жабық бассейндер мен тұйық тоғандарда өсірілген балықтардың бағымы келіссе, шығынсыз өнім береді. Балық шаруашылығына маманданған кәсіпорындар бүгінде бекіре тұқымдастарды жаппай өсіре бастады.

Олжас Мырзабаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Махамбет ауданында балық өсіруге арналған қосымша 4 жоба бар. Қазір тоған шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлер тоғандардың қазаншұңқырларын қазып, ішіне балық жіберуде. Сонымен қатар шаруашылықтар жеңілдетілген несие алу үшін өтінімдерін жолдап жатыр.

Атырау облысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған құны 25 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Биыл өңірде балық қорын молайту, әсіресе бекіре тұқымдас балықты көбейту бағытында Жайық өзеніне 4 млн-ға жуық шабақ жіберілді.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов