Қазақстанның Конституциялық сот төрелігінің тәжірибесі халықаралық деңгейде талқыланды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында Түркістанда «Мәдениеттер диалогы 2026» II халықаралық симпозиумы өтті. Шетелдік конституциялық соттардың өкілдері, құқықтанушы ғалымдар және БҰҰ сарапшылары қатысқан симпозиумда заңнаманы жетілдіру, адам құқықтарын қорғау және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жайы сөз болды.
Жандос Жұмабек, тілші:
– Жиында халықаралық құқықтық стандарттарды зерделеу арқылы құқықтық мәдениетті дамыту жайы талқыланды. Барлығының басын бір мүдде, ортақ бір шешім біріктірді. Ол – қайтсек, заңды құрметтейтін, құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғам құрамыз деген идея.
Ермек Әбдірасылов, Заң ғ.д. профессор, ЕҰУ Конституционализм және цифрлық құқық институтының директоры:
– Мысалы, әр елде қазір өзінің құқықтық жүйесі, өздерінің заңдары бар. Осыған қарамастан, бәрін біріктіретін бір идея бар ма? Қандай идея? Ол – әділеттілік. Өйткені осы құқықтық идеяның ішінде жатқан ол адамның құқығы, оның өмірі – ең маңызды құндылық.
Қазір әлем күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Заң құжат жүзінде қатталғанымен, ортақ шешімдер іс жүзінде тасада қалуда. «Бүгінгі цифрлық дәуірде заңның үстемдігі, адамдардың құқығын қорғау маңызды мәселеге айналып отыр», – дейді Германиядағы Оснабрюк университетінің профессоры Георг Геск.
Георг Геск, Оснабрюк университетінің құқық профессоры /Германия/:
– Тәртіп заң арқылы орындала ма, әлде билік арқылы жүзеге аса ма? Менің ойымша, тәртіп орнату үшін билік те осы заңға бағынуы керек. Сонда ғана күштінің әлсізге үстемдігі болмайды деп ойлаймын.
Рас, Конституция – Ата Заң ғана емес, адам, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық келісім. Ал Конституция нормаларының толыққанды іске асырылуы азаматтардың құқықтық мәдениеті мен заңды құрметтеуіне және конституциялық қағидаттарды дәйекті түрде сақтауына тікелей байланысты.
Эльвира Азимова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы:
– Конституция үстемдігі заңнаманың сапасы мен мемлекеттік институттардың тиімділігіне ғана емес, азаматтардың құқықтық санасына да тікелей байланысты. Мұндай өзара байланыс конституция құқықтық санасын кеңейтуге және құқықтық қоғамдық құндылық ретінде құрметтеуге тың мүмкіндіктер ашады.
– Жиынға қатысушылар құқық пен мәдениетті жақындастыруда «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» конституциялық бағдарларының рөлі ерекше екенін атап өтті. Ал симпозиум қоғамдық сана мен мәдени дәстүрлерде және азаматтардың күнделікті өмірінде де көрініс табатын құқықтық мәдениетті дамытуға ықпал ететінін жеткізді.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов