Ауа райының қолайсыздығына байланысты 6 облыста жол жабық
Нұр-Сұлтаннан сыртқа қатынайтын жолдың бәрі жабық. «Қазавтожол» 6 облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңыздағы жалпы көлемі 4 862 шақырымды құрайтын 23 жол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылғандығы жайында хабарлады. Тұғындар ескертуге қаншалықты құлақ асуда?
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші
- Бұған дейінгі борандар үлкен сабақ болды. Сондықтан да шығар бірнеше күн бұрын жел күшейеді, тұман түсіп, көктайғақ болады, қар жауады деген хабарлама келе бастады. Сол болжам расталып, көз аштырмайтын ақтүтек боран әлі басылар емес.
Қашан басылатынын нақты айту да қиын. Қауіпсіздік үшін еліміздегі күре жолдардың бестен бірінде барлық көлік түрі үшін қозғалыс тоқтатылды. 700-ден астам арнайы техника жолды аршуға жұмылдырылған. Өкілетті мекеме: «Жүргізушілер немесе жолаушылар тарапынан қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда 14-03 нөміріне хабарласуға болады», – деп ескертеді.
Нұржан Жақатаев, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің бас маманы:
- «Қазгидромет» мәліметтері бойынша, 19 ақпанда ауа райының нашарлауына байланысты 4 аумақта, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Қостанай және СҚО-да дауылды ескерту жарияланды. Біздің берген ұсыныстарымызды орындауыңызды және елді мекендерден тыс жерге шықпауыңызды сұраймыз.
Десе де оған құлақ асушылар аз. Өткен тәулікте ІІМ және жол қызметкерлерімен жолда қалған 247 адам, оның ішінде 27 бала құтқарылды. 140 бірлік техника қар құрсауынан шығарылған. Қаладағы қатынас та айтарлықтай қиындаған. Айналма жолдың, сондай-ақ қала ішіндегі кей жолдардың белгілі бөліктері де уақытша жабық. Қоғамдық көліктер уақытынан кешігуде. Тек елорданың өзінде 31 әуе рейсі кейінге қалдырылды.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Таңғы сағат 05:00 кезінде Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық мектепте бірінші ауысымға сабақ болмайтындығы ескертілді. Қазір сағат 12:00, жаңа ғана хабарланғанындай, ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымдағы 1 және 11-сынып, колледждің 1-2-курс сутденттері үшін де сабақты тоқтату туралы шешім қабылданды.