Төтенше жағдай еліміздің 8 өңірінде сақталуда
Президент соңғы жылдары әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт көбейгенін де атап өтті. Соның бір дәлелі – қазір еліміз соңғы 80 жылда болмаған тасқынды бастан өткеріп отыр. Су тасқыны басталғалы бері азаматтық қорғаныс қызметтері 100 мыңға жуық адамды қауіпсіз жерге көшірген. Оның 36 мыңы - бала. 6 мыңнан астам адам уақытша орналастыру бекеттерінде. Ал төтенше жағдай еліміздің 8 өңірінде сақталып отыр. Атап айтсақ, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Атырау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында қауіп сейілер емес. Сондықтан аталмыш өңірлердегі авариялық құтқару жұмыстарына 34 мың адам, 3 мың 800-ге жуық техника, 700-ден астам су сору және 200 жүзу құралы, 17 авиатехника жұмылдырылды.
Руслан Жангулин, ҚР қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
- Жедел штабтың шешімімен Қорғаныс министрлігінен қосымша күштер мен құралдар бөлінді. Атап айтар болсақ, Орал қаласына Қызылордадан 200 әскери қызметші, 21 бірлік әскери техника бөлінді. Атырау облысына оңтүстік өңірлік қолбасшылығы бөлімінен 1 мыңнан аса әскери қызметші, 61 бірлік техника бөлінді.