Елордада 47 764 адам тұрғын үй кезегінде тұр
Нұр-Сұлтан қаласында қазір 48 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр екен. Ал баспанаға бірінші кезекте үміткерлер санатында жетім балалар ҰОС ардагерлерінен кейінгі 2-орында тұр. Жалпы пәтер үлестіру кезінде кімдерге басымдық беріледі? Биыл бас шаһарда құрылыс қарқыны қалай болады?
Жамал Жексенова үш баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Бір қызы мүгедек. Нұр-Сұлтан қаласында жатақхана жалдап тұрады. Үй қожайыны түсірілім тобын ауласына жолатпаған соң, далада жүріп сұхабаттасуға тура келді. 12 жасар ұлы сабақта, сондықтан, екі қызын ертіп шықты. Жамалдың айтуынша, баспана кезегі бәсең жылжып келеді. Алдында 12 мың адам бар екен.
Жамал Жексенова, баспана кезегінде тұрған жалғызбасты ана:
- Кезегім ақырын жылжып жатыр. Өзім жұмыс істей алмаймын. Баламның емі, сабағы бар, жұмыс істеуге уақыт жоқ. Үш баламмен пәтерді жалдап тұрамын. Пәтерақығы айына 50-60 мың кетеді, қалған тамағы мен киіміне жетсе жетеді немесе тек тамағына жеткізіп отырамын.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 48 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Ал тізімге ілікпей, пәтер жалдап тұрып жатқандары қаншама. Олай дейтініміз, баспанаға үміткер атану үшін тиісті 6 санаттың біріне ілігу керек. Бұл тізім бірдей жүрмейді. Өзінің басым санаттары бар:
- ҰОС ардагерлері;
- Жетiм балалар;
- Көпбалалы отбасылар;
- Әлеуметтік әлсіз топтар;
- Мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер;
- Баспанасы апатты жағдайда тұрғандар.
Арманай Қабдешова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы:
- Барлық кезекте тұрған адамдардың ішінде қай санатқа көбірек пәтер беріледі? Онда заң тұрғысынан қарайтын болсақ, тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес 20% бірінші жетім балаларға, 20% кем емесі көпбалалы отбасыларға және қалған сан қалған санаттар аралығында бөлінеді.
Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй құрылысы мардымсыз деуге келмейді. Былтырдың өзінде 2 900 отбасы қоныс тойын тойлады.
Достық Талғатұлы, тілші:
- Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында бүгінде 1 млн 136 мыңнан астам тұрғын бар екен. Ал енді оларды отбасыларға бөліп қарастырайық. Бір шаңырақта 4 адамнан тұрады дегеннің өзінде, 284 мыңнан астам отбасы болады екен. Ал пәтер саны 346 мыңнан асады. Оған 22 мыңнан астам жекеменшік тұрғын үйлерді тағы қосыңыз. Яғни бас шаһарда баспана саны отбасылардың санынан анағұрлым көп екенін аңғаруға болады.
Бір қара басында оншақты баспанасы барлар аз емес. Сондықтан осындай статистика шығып отыр. Әрине заң аясында көп пәтерге иелік етуге ешкім шектеу қоя алмайды. Басында баспанасы жоқтардың бар үміті – мемлекеттік бағдарламаларда. Әкімдіктегілердің айтуынша, биыл тұрғын үй құрылысының қарқыны үш есеге артады. Сәйкесінше 8 мың пәтер салынады. Оның біреуі үш баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Жамалға бұйырса игі.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Дәурен Жұрқабаев, Аманжол Байғазы