Нұр-Сұлтан қаласында бір тәулікте қардың жарты айлық нормасы түскен
Жалпы 7 облыста жол жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Әуе рейсі кейінге қалдырылып, сабақтар тоқтатылды. Бұл жолы да әдеттегідей ескертуге құлақ аспай, көлігімен жолда қалғандар да бар. Көмек көрсету, құтқару мақсатында өңірлерде шұғыл штабтар құрылды. Құбылмалы ауа райы тағы қанша уақытқа созылады? Наурыз айына қандай болжам бар?
Қардың мол жаууы, желдің күшейуі әсіресе Орталық, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облысында ерекше байқалады. Тек Нұр-Сұлтанның өзінде бір тәулікте қардың жарты айлық нормасы түскен. Салдарынан қоғамдық көліктер қатынасы қиындап, 31 әуе рейсі кейінге қалдырылды.
Бахтияр Тұрғанжан, инженер-синоптик:
- Құбылмалы ауа райы алдағы үш күнде де сақталады деп болжануда. Бірақ қар жаумайды. Күндіз -3-5, түнгі уақытта -11-13 шамасында аяз болады. Аздаған жел соғады.
Бұған дейінгі борандардың салдары есімізде. Сақтық үшін бұл жолы да күнделікті, тіпті бернеше реттен «жел күшейеді, тұман түсіп көктайғақ болады, қар жауады» деген хабарлама жіберілді. Десе де оған құлақ асушылар әлі де болса аз. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысында жолда қалған 400-ден астам адам құтқарылды. Арасында балалар да бар.
Ибрагим Күлшімбаев, облыстық ТЖД басшысы:
- Ауа райының бұзылуы бойынша 8 бағытта жол жүру шектелуде. Өткізу пункттарында қазір 261 бірлік техника тоқтап тұр. Ең көбі –Теміртаудан шыға берісте және Осакаровка кентінде. Қазіргі уақытта жол тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жол қозғалысымен қоса боранға байланысты мектептердің екі ауысымында, тіпті колледж студенттері үшін де сабақ тоқтатылды. Жалпы қыс басталғалы еліміз бойынша 16 рет осындай шешім жасалған. Наурыз айына қандай болжам жасалуда? Көптің көңілінде жүрген ендігі басты сұрақ осы.
Алина Исмагулова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
- Көктем уақытылы келеді. Оңтүстікте әдеттегідей жылы болады. Ал Солтүстік өңірлерде жылы және суық ауа райы ауысып тұрады. Болжам бойынша наурыз айында еліміздің барлық аймағында жауын-шашын көп түседі.
Мамандар қазір ауа райының жиі құбылуын Солтүсік пен Иран өңірінен келетін циклонның жиі ауысуымен байланысты деп түсіндіреді. Ақпан айының соңғы аптасы да қарлы болады деп болжануда. Кей жерлерде жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы