Алматылық жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылды
Сондай-ақ биыл 12 900 оқушыға арналған 8 жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Ал жеке балабақша құны мемлекеттікімен бірдей болады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарымен өткен «Алматы диалогы» деп аталған есепті кездесуінде айтты.
Қала әкімінің есебі басталмас бұрын қала тұрғындарына таңғы 08:00-ден бастап әкімнің орынбасарлары мен барлық аудан әкімімен тікелей жүздесіп, көкейкесті сауалдарын қоюға мүмкіндік болды. Тұрғындар біраз мәселенің басын осы жерде шешіп алды. Ал алғашқы есептік кездесуін «Алматы диалогы» деп атаған әкім ұзақ баяндама жасамады. Керісінше тұрғындардың пікірін тыңдап, сұрақтарға жауап берді.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Қазіргі шешім бойынша қалада 8 мектеп соғуды жоспарлап отырмыз. Біздің жоспарымыз биыл басталса, 2021 жылдың жаңа оқу жылына үлгеруіміз керек. Сәл сабырлық сақтаңыздар. Жоспарда бар. Сұрақ шешілетін болады.
Сондай-ақ әкім биыл Наурызбай және Алатау ауданының мектеп жасындағы оқушыларына арналған «Оқушылар үйі» салынатынын айтты. Ал қаладағы «Оқушылар сарайы» заманауи үлгімен қайта жабдықталады. Атап өтер тағы бір мәселе, жеке балабақшалар құны енді мемлекеттік балабақшаның құнымен бірдей болады. Оған қала бюджетінен 3 млрд теңге бөлінбек. «Бұл – 918 мыңға жеткен балабақша кезегін азайту үшін жасалып отырған шаралар», – деді қала әкімі. 4 мыңға жуық адам қатысқан кездесуде экология, жарық, тұрғын үй, жол, қоғамдық көлік мәселелері бойынша 800-ге жуық сұрақ қойылды.
2019 жылдың екінші жартыжылдығында 3000-нан астам жеке үй газдандырылған. «Енді «Halyk Bank»-пен бірлесіп, газ тарту үшін пайызсыз несие беру келісім шарты жасалып жатыр», – деді Бақытжан Сағынтаев. Жиынға қатысқан кәсіпкерлердің бірі тұрмысы нашар отбасыларға газ жүргізіп беру бастамасын көтерді. Қала бойынша 2 912 жеке сектордағы үйге әлі газ кірмеген. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың дені қоғамдық көліктерге байланысты болды. Бұл ретте әкім өткен жылы 14 жаңа бағыт іске қосылса, биыл тағы 24 қалалық және қала маңындағы маршруттар ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жол жүру тарифі өзгермейтін болды. Жастарды селт еткізген тағы бір жаңалық – «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- «Алматы жастары 3.0» бағдарламасының тиімділігі – 13 млн теңгеге дейінгі қарыз, жылына 5% жеңілдікпен берілетіні. Бастапқы жарна 10% болады. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейін болмақ.
Жаңа баспанаға бюджеттік саланың 35 жасқа дейінгі қызметкерлері қол жеткізе алады. Әкім шаһарды дамытудың жаңа кезеңдерін атап өтіп: «Ең алдымен мегаполистегі өмір сапасының артуына ерекше мән беріледі», – деді.
Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев, Радик Жакупов