Коммуналдық мекемелер қарды тазалап үлгермей жатыр
Солтүстік пен орталықта қар құрсауында қалған жүздеген жолаушы құтқарылды. Шығыста да қарлы дауыл. Онда барлық коммуналдық сала тоқтаусыз жұмыс істесе де, қала көшелерін тазалап үлгермей жатыр. Қоғамдық көліктердің қозғалысы қиындап, трамвай тоқтап қалды. Осының кесірінен қаладағы шеткі шағын аудан тұрғындары жұмыстан кешігіп, түске дейін оқушылардың көбі мектепке жете алмай, әлекке түсті.
Жауған қар, соққан боран, жабылған жол. Қыс түсе шығыстағы ел-жұрттың қолынан күрек түспеді. Коммуналдық сала мамандары кезекшілікпен тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Ал соңғы екі тәулікте Өскеменнің өзінде жағдай тіпті қиындап кетті. Әсіресе қаланың шетіндегі шағын аудан тұрғындары омбы қардан аялдамаға жете алмай жүр. Бірнеше жолақты орталық көшелердің өзінде кептелістен көліктер керуені түзілді. Күні-түні жауған қар трамвайдың рельсін де басып қалды. Сондықтан 100-ге жуық жұмысшы жолдағы қарды күрекпен ойып жүр.
Олжас Керейхан, тілші:
- Жалпы қала бойынша 19 шақырым трамвай рельсі бар. Кешелі-бері толассыз жауғандықтан, оның 10 шақырымы қар астында қалды. Коммуналдық сала мамандары барлық күшті жұмылдырғанымен, тазалап үлгермей жатыр. Ал 2016 жылы да қалың қар жауып, ол кезде трамвай бір айға жуық жүрмей қалған.
Бүкіл қаланың қарын 59 техника тазалап жүр. Әкімдік әуелгі күшті орталық көшелер мен үлкен аялдамаларға шоғырландырған.
Тамара Рахымжанова, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
- Қазір қар өте ылғал. Жай техника ала алмайды. Сондықтан грейдер мен арнайы ауыр техникаларды жұмылдырдық. Жол тазалау жұмысымен шұғылданбаса да, қаладағы басқа мердігер компаниялардан қосымша 16 грейдер қостық.
Семей өңірінде де тоқтаусыз соққан бораннан барлық бағыттағы жол жабылды. Қаладан 45 шақырым жерде көліктері қарға батқан жолаушылар құтқарылды. Ал Жарма ауданында малымен қоса жоғалып кеткен тұрғын да таңға жуық аман-есен табылды. Семейде бірінші ауысымдағы 1-ден 9-сынып оқушыларына сабақ уақытша тоқтады.
Думан Икенов, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:
- Түнгі 03:00-де Семей – Қайнар тасжолының бойында бір автокөлік жолда қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті. Семей қалалық құтқару қызметі сол автокөліктен 4 адамды аман-есен Семей қаласына көшіріп, эвакуация жасады.
Ақпанның ақтүтек бораны Қостанайда да арқырап тұр. Кешеден бері аймақта қар құрсауында қалған 446 көлік шығарылып, 135 адам құтқарылған. Облыста қазір 19 бағыт бойынша жол әлі жабық. Дегенмен қар басқан жолдар тоқтаусыз тазаланып жатыр. Оған 40 шақты техника жұмылдырылды. Ал аймақтық ауа райын болжау орталығының мамандары ақпанның соңына дейін ақборан басылмайтынын мәлімдеді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Болат Көкенайұлы, Мағауия Қалиев