Қарағанды облысында 500 адам бүйрекке зәру
Қазір науқастар аптасына үш мәрте гемодиализдің көмегіне жүгінеді. Бірнеше сағатқа созылатын бұл ем-шарадан жаны қиналған жандар «донор табылып қалар» деген үмітпен келеді. Алайда әзірге сау бүйрек табылмай тұр. Ал дертке шалдыққандар саны жыл санап артып барады.
Балсана Әлиманованың жасы 57-де. Осыдан 11 жыл бұрын дәрігерлер қос бүйрегінің ауыр дертке шалдыққанын анықтап, диагноз қойған. Содан бері тағдыры осы аппаратқа таңулы. Гемодиализ 4 сағат ішінде қанды түрлі улы заттардан тазартады.
Балсана Әлиманова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- 11 жылдан бері күтіп жүрмін. Мүмкін мені де шақырып, маған да бүйрек табылып қалар. Осы 11 жылдың ішінде мен әже болдым, 5 немерелі болдым. Енді солардың өскенін, өнгенін, табыстарын көргім келеді.
Евгений Курц – бүйрегін ауыстырған Қарағанды облысындағы ең алғашқы адам. Жеті жыл бұрын жасалған операция сәтті аяқталып, қазір өзін жақсы сезінеді. «Дегенмен асқынып кетпес үшін өте үлкен күтім керек», – дейді ол.
Евгений Курц, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Күзде және көктемде үнемі бетперде киіп жүремін. Кісі қарасы көп жерде жүрмеуге, қоғамдық көлікке мінбеуге тырысамын. Түрлі дертті жұқтырып алмас үшін қолымды күніге бірнеше мәрте жуып отырамын.
Евгенийдің айтуынша, қазір донор табу өте қиын. Мәселен, осы күнге дейін өңірде 57 ересек және 11 бала бүйрегін ауыстырған болса, соның тек 16-сы ғана қаза болған жандардың мүшесін алған. Қалғандарына туған-туыстары беріпті. Ал науқастар саны жыл сайын өсіп келеді. Тек былтырғы жылдың өзінде гемодиализға тәуелді 159 адам тіркелген.
Салтанат Сариева, гемодиализ бөлімінің меңгерушісі:
- Терең ұйқыға кеткен науқастың қайта оянуы екіталай. Медицинада ондай адамның миы өлген деп есептеледі. Сондай ауыр халде жатқан бірнеше адамның туған-туыстарымен сөйлесіп, сау мүшелерін донорлыққа сұрадық. Бірақ өкінішке қарай осы күнге дейін Қарағанды облысында бірде-бір адам келіскен жоқ. Гемодиализ өте ауыр ем-шара. Бұдан құтылудың жалғыз жолы – донор табу.
Қазіргі күні аймақта 8 гемодиализ орталығы бар. Бір мезгілде 167 адамды қабылдай алады. Әзірге бұл жеткілікті. Ал облыста донорға зәру адамдардың саны 500-ден асады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков