Бауыржан Байбек Шымкенттегі апатты үйлердің тұрғындарымен кездесті
Мегаполиске бұл елді мекен 5 жыл бұрын қосылған. Алайда таскендіктер өркениеттің игілігін көре алмай отыр. Жөні түзу жол жоқ, жарық та жиі сөнеді екен. Тұрғындардың мәселесін тыңдап, осындай бірқатар проблемалық нысанды аралау үшін арнайы жұмыс сапарымен Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірге барды.
Таскендегі тұрғын үйлердің маңындағы ми батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жаңбырлы күндері тұрғындардың жағдайы тіпті қиындайды.
Камалия Нұрсейітова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Оқушыларға өте қиын. 2 км-дей жердегі мектепке барып келу керек. Кішкентай ғана шағын автобус берілген. Тығылысып барып келеді әйтеуір. Бастауыш сынып оқушыларына тіпті қиын.
Жолмен бірге жарықтың жыры да бітпей тұр. Электр энергиясының іркіліссіз берілген күні болмапты. Аталған түйткілдерді тұрғындар Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекке бүкпесіз айтып берді. Енді бұл мәселе партияның бақылауында болмақ.
Жергілікті билік: «Алдағы көктемде бұл ықшамаудандағы бірнеше көше жөнделеді», – деп уәде берді. Ал қыркүйек айында жарықпен қамтушы компания жарық желілерін жаңартып, жаңа трансформатор орнатпақшы.
Бауыржан Байбек Шымкенттегі бұрынғы жатақхана тұрғындарымен де кездесті. Мұнда өткен жылы ірі өрт болып, 40-тан астам отбасы баспанасыз қалған еді. Зардап шеккендер бүгінде туған туыстарының үйі мен жалдамалы пәтерлерді жағалап жүр. Оларға қажетті заттар, дәрі-дәрмек жағынан көмек беріліп, балаларын оқуға әзірлеуге қолдау жасалған болатын. Ал өртенген ғимарат орнына бүгінде көпқабатты үй салынып жатыр.
Запура Батырбек, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Қазір көңіліміз орнына түскендей болды. Мәселе шешілмей тұрған кезде алаңдағанымыз рас. Қыстан да өттік, енді үш қабатты үй салынып жатыр.
Қаланы аралап шыққаннан кейін партия өкілдері шаһар белсенділерімен кездесті. Шымкенттіктерді толғандырған барлық мәселе қаланы дамыту бағдарламасына енгізілмек. Елбасының тапсырмасы бойынша өңірлердегі өзекті мәселелер зерделенетін болады. «Өзара сенім мен диалог арқылы ғана халықпен бірге Президент тапсырған «Халықты тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға болады», – деді Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов