Көшірме дүние көбейіп барады: Плагиатпен қалай күресеміз?
Қазақшаласақ, кәдімгі ұрлық. Бұдан былай біреудің жұмысына жиендік жасайтын осындай жандардың жолы кесілмекші. Естеріңізде болса, бірер ай бұрын вице-министр деген дардай атағы бар Фатима Жақыпованың ғылыми жұмысы көшірме дүние болып шыққан еді. Осындайдың алдын алу үшін министрлік жаңа антиплагиат бағдарламасын енгізіп жатыр екен. Бірақ өкініштісі көшірме дүние тек білім, ғылым саласымен ғана шектелмейді. Жан-жақты түгел жайлап барады. Біреу идеясын, енді біреу көз майын тауысып жазған еңбегін ұрлатып жүр. Алайда сұрауы кімнен екенін білмейді.
Танымал дизайнер Аңсаған Мұстафаның көшірме дүниемен күресіп жүргеніне көп болды. Көз майын тауысып салған суреттерін арысы Қытай, берісі Қырғыз кәсіпкерлері ұрлап сатып жүр. Жайма базарларды жайлап алған жейделердің авторы өзі екенін дәлелдей алар емес. Заң бойынша патенті бар. Бірақ бұл патенттің көшірмені жасағандарды да, оны елге әкелген алыпсатарларды да жауапқа тартуға құдіреті жетпейді екен.
Аңсаған Мұстафа, дизайнер:
- Қазір полиция шақырамын десем: «Полиция маған не істейді?», – дейді. Базардағылар чек бермейді екен. Ал чексіз оны сотқа апара алмайды екенсің.
Ал Әсел – көшірме дүниеден аузы күйген жанның бірі. Жоғары оқу бітірерде диплом жазуға уақыты тапшы болып, интернеттегі қаптаған жарнамаға хабарласады да, ақысын төлеп жаздырады. Ал онысы өзге біреудің еңбегін кесек-кесегімен көшіріп бере салыпты. Мұнысы ақыры өзіне таяқ болып тиді.
Әсел Тәңірберген, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бұл дипломдық жұмыс антиплагиаттан өтпей қалды. Сондықтан дипломдық жұмысты қайтадан жазуға тура келді.
Диплом былай тұрсын, мүйізі қарағайдай ғалымдардың жұмысынан да ұрлықтың белгісі байқалып қалады. Күні кеше Білім және ғылым министрлігінен шыққан шу соның дәлелі. Жақыпованың дауынан кейін еліміз жаңа антиплагиат жүйесіне көшті. Министрлік: «Барлық курстық, дипломдық, ғылыми жұмыс осы жүйеден өтеді. Енді ешкім көшіре алмайды», – деп сөз берген. Бірақ адамнан қулық артылмайды. Тіпті сол антиплагиат сайттар мен бағдарламаның өзін алдап кетуге әбден болады екен.
Гүлназ Асан, студент:
- Жоғарғы курс студенттерінің айтуынша, көшірме жұмысын жазғанда қазақша «а» әріпін ағылшынша «а» әрпімен, ағылшынша «н» әрпін қазақша «н» әрпімен алмастырған кезде ол жұмыс антиплагиаттан өтіп кетеді. Яғни ол жұмыс көшірме болып есептелмейді екен.
Плагиаттың әуресі барлық саланы айналдырып тұр. Авторлық құқық берумен айналысатын мекеме талай көшірмені кері қайтарғандарын айтады.
Қалай болған күнде де, өзгенің идеясын иемдену, көзді жұмып шығармасын көшіру – қазақша айтқанда кәдімгі ұрлық. Ал ұрлықтың жазасы жеңіл болмауы керек.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Аян Сәрсенбаев