Қазақстандықтарға баруға тыйым салынған елдердің тізімі ұлғайды
Дегенмен індеттің басқа елдерде таралу көрсеткіші алаңдатып отыр. Мысалы Иран Республикасында коронавирустың 42 жағдайы тіркелсе, оның 12-сі өліммен аяқталған. Қазақстандықтарды осы індеттен құтқару үшін еліміздің бас санитарлық дәрігері жаңа қаулы қабылдады.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Сонымен қазақстандықтарға баруға тыйым салынған елдердің тізімі ұлғайды. Осыған дейін коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз ел болып ҚХР ғана аталғанымен, енді мұндай елдердің саны 8-ге жетті. Еліміздің бас санитарлық дәрігері қабылдаған қаулы бойынша 1 наурыздан бастап Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран, Гонконг, Тайвань және Макао республикаларына баруға тыйым салынды. Бұл – 1-санаттағы елдер. Қазір осы елдерге билет сатып алған азаматтар өз билеттерін тапсырып жатқан көрінеді.
Жандарбек Бекшиіннің айтуынша, коронавирустың ошағы Қытайдың өзінде жағдай тұрақталып келе жатқанымен, инфекцияның әлемде таралу көрсеткіші алаңдаушылық тудырып отыр. Мысалы ҚХР-дан тысқары коронавирустың 2500-ден астам жағдай тіркелген, өлім-жітім бар. Әсіресе Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия секілді елдерде тіркелген фактілер саны күн санап көбейіп келеді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, Оңтүстік Кореяда шамамен 34 мың, Италияда 180, ал Иранда 170 қазақстандық жүр. Сондай-ақ Бекшин Қытайдан елге қазақстандықтардың 14 күндік карантинннің жалғаса беретінін айтты, ал осы 1-санаттағы елдерден оралған азаматтар арнайы оқшауланбайды, тек өздерінің тұрғылықты жерлері бойынша бақылауда болады.